Аралда ақын рухы асқақтады: Шөмішбай Сариевтің 80 жылдығы аталып өтті

75

Қасиетті Арал өңірінде қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық және ұлттық деңгейдегі бірқатар беделді марапаттардың иегері, ақын Шөмішбай Сариевтің 80 жылдық мерейтойына арналған «Теңізден соққан жел» атты тағылымды шығармашылық кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Аудандық мәдениет үйінде өткен рухани шараға зиялы қауым өкілдері, ақынның туған-туыстары, өнер адамдары мен жыр сүйер қауым қатысты.

Мерейтойлық іс-шаралар ақынның кіндік қаны тамған Қамыстыбас елді-мекенінде бастау алды. Ақынның өмірі мен шығармашылығын насихаттауға бағытталған рухани кештерге оның жары Жұмагүл Сариева арнайы қатысып, туған жер жұртшылығымен жүздесті. №21 орта мектепте ұйымдастырылған «Ұлы дала – шөл даланың ұлымын» атты әдеби-сазды кеште оқушылар мен өнерпаздар ақын жырларын нақышына келтіре орындап, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар «Шөмішбай мұрасы – руханият шамшырағы» атты сыр-сұхбат кеші өткізіліп, ақынның шығармашылық мұрасы, қазақ әдебиетіндегі орны мен руханиятқа қосқан өлшеусіз үлесі кеңінен әңгімеленді.

Негізгі шығармашылық кеш барысында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев сөз сөйлеп, Шөмішбай Сариевтің қазақ поэзиясындағы айрықша қолтаңбасына тоқталды. Ол ақын шығармаларында туған жерге деген махаббат, адамгершілік, ұлт рухы мен өмір философиясы терең көрініс тапқанын атап өтті. Сондай-ақ аудан басшысы кештің арнайы қонағы болған ақынның жары Жұмагүл Қаженқызына құрмет көрсетіп, ел атынан алғыс пен ықыласын білдірді.

Шөмішбай Сариевтің еңбек жолы туған жердегі «Толқын» газетінде фототілші болып басталғаны көпшілікке жақсы мәлім. Қарапайым қызметтен басталған шығармашылық сапары кейін қазақ әдебиетінің биік белесіне ұласып, ақынды елдің сүйікті перзентіне айналдырды. Оның өлеңдері ұлттық болмысты, туған жердің табиғатын, адам жанындағы нәзік сезімдерді терең суреттеуімен ерекшеленеді.

Кеш барысында ақынның өмір жолынан сахналық қойылым көрсетіліп, көрерменге әсерлі сәттер сыйлады. Сонымен бірге поэзиялық бөлімде жергілікті өнерпаздар мен жас ақындар Шөмішбай Сариевтің жүрекке жақын жырларын оқып, әнмен әрледі. Әсіресе ақынның махаббат лирикасына арналған туындылары көрермен көңілін толқытып, рухани кештің мазмұнын тереңдете түсті.

Шара соңында сөз алған Жұмагүл Қаженқызы ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертіп, туған жерінің Шөмішбай Сариевті ерекше құрметпен ұлықтап жатқанына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар мерейтойлық кешті ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға аналық алғысын жеткізіп, халықтың ықыласы мен құрметі отбасы үшін үлкен қуаныш екенін атап өтті.

Осылайша қазақ әдебиеті мен руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Шөмішбай Сариевтің 80 жылдық мерейтойы туған жерінде тағылымы мол, мазмұны терең рухани кешпен аталып өтті. Ақын мұрасын ұлықтаған бұл шара жас ұрпақтың ұлттық әдебиетке деген құрметін арттырып, ел руханиятының биігін тағы бір мәрте айшықтай түсті.

Advertisements