«Жеңіс жолы – ұрпаққа аманат» тақырыбында салтанатты шара өтті

34

Бүгін аудан орталығындағы «Тағзым» алаңында 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне арналған «Жеңіс жолы – ұрпаққа аманат» тақырыбындағы салтанатты іс-шара өтті. Тағылымды шараға аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы Сәрменбаев, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қызылорда облысының Құрметті ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Яхия Тасыров, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, Тәжік-Ауған соғысының ардагерлері, Чернобыль және Семей полигоны зардаптарын жоюға қатысқан азаматтар, зиялы қауым өкілдері, жастар және аудан тұрғындары қатысты.

Жиын барысында Ұлы Жеңістің тарихи маңызы мен майдангерлердің жанқиярлық ерлігі кеңінен дәріптеліп, ел тәуелсіздігі мен бейбіт өмір жолында құрбан болған батырлардың рухына тағзым жасалды. Салтанатты шарада сөз сөйлеген аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы жиналған қауымды мерекемен құттықтап, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы халқымыздың қайсарлығы мен отансүйгіштік рухына ерекше тоқталды.

– Ұлы Жеңіс күні – халқымыздың ерлігі мен бірлігін айшықтайтын қасиетті мереке. Бұл күн – қан майданда жанын қиған боздақтарды, ел үшін еңбек еткен тыл ардагерлерін еске алып, олардың алдында тағзым ететін ерекше күн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, адамзат тарихында теңдессіз ерлік жасаған әкелеріміз бен аналарымыздың қажымас қайсарлығы, ерен еңбегі және көзсіз қаһармандығы халқымыздың жадында мәңгі сақталады.

Сыр өңірі де Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Сырдария ауданынан майдан даласына аттанған үш мыңға жуық азаматтың жартысынан астамы туған жерге оралмай, Отан үшін жанын қиды. Біз олардың есімдерін әрдайым құрметпен еске алып, ерліктерін кейінгі ұрпаққа үлгі етуіміз керек. Сырдария топырағынан шыққан Кеңес Одағының Батырлары Нағи Ілиясов пен Жаппасбай Нұрсейтовтың даңқты жолы – бүгінгі жастар үшін отансүйгіштіктің жарқын үлгісі. Бүгінде ортамызда отырған Ұлы Отан соғысының ардагері, ғасыр жасаған қария Яхия Тасыров атамыз – сол тарихи кезеңнің тірі куәгері. Ардагерлерімізге деген құрмет ешқашан азаймайды, – деді аудан әкімі.

Сондай-ақ аудан басшысы бейбіт өмірдің қадірін ұғындырып, ел қауіпсіздігі жолында қызмет еткен барлық ардагерлерге алғыс білдірді. Ауғанстан мен басқа да әскери қақтығыстарға қатысқан жауынгерлердің, Чернобыль атом электр станциясы мен Семей ядролық сынақ полигоны зардаптарын жоюға атсалысқан азаматтардың ерлігі де ерекше құрметке лайық екендігін атап өтті.

Шара барысында жиналған жұртшылық Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, олардың жарқын рухын бір минут үнсіздікпен еске алды. Сонымен қатар, бейбіт өмір үшін жанын қиған боздақтардың рухына Құран бағышталып, арнайы дұға оқылды.

Мерекелік іс-шара жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп, батыр бабалардың ерлік жолын ұлықтау мақсатында ұйымдастырылды. Жеңіс күніне арналған тағылымды шара соғыс ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне және ел тыныштығы жолында қызмет еткен барлық азаматтарға көрсетілген құрметтің айқын көрінісі болды.

Ұлы Жеңістің мәні мен маңызы ұрпақ жадында мәңгі сақталып, батырлар ерлігі әрдайым ел тарихының алтын парағы болып қала бермек.

Advertisements