Ұлы Жеңіс күніне арналған мерекелік шара өтті

25

Бүгін Қазалы мәдени-демалыс кешенінде Ұлы Жеңіс күні мерекесіне орай «Жеңіс – бейбіт өмірдің бастауы» атты салтанатты шара ұйымдастырылды.

Мерекелік іс-шара басталмас бұрын аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдарының басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, ел ағалары және тұрғындар соғыс жылдарында қаза тапқан боздақтар мен ардагерлердің рухына құран бағыштап, тағзым етті. Сондай-ақ сұрапыл соғыста қаза тапқандарды 1 минут үнсіздікпен еске алып, «Тағзым» алаңындағы ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін аудан әкімі салтанатты жиынға қатысып, барша тұрғындарды Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады.

Аудан әкімі өз сөзінде Жеңіс күнінің тарихи маңызына тоқталып, бұл күннің ерлік пен елдіктің, батырлық пен бірліктің, отансүйгіштік пен қайсар рухтың символы екенін атап өтті. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазалы ауданынан 11 мыңға жуық азамат майданға аттанып, олардың 6 мыңнан астамы ғана елге оралғанын жеткізді.

Бүгінде жерлестеріміз Үрмаш Түктібаев, Мақаш Балмағанбетов, В.М. Счастнов, Г.Ф. Шляпин, Я.Д. Михайлюк сынды батырлардың ерлігі зор құрметпен еске алынатынын айтып, олардың есімі халық жадында мәңгі сақталатынын атап өтті.

– Ұлы Жеңісті ұлықтау – ең алдымен, ержүрек батырларымызды жадымызда мәңгі сақтау деген сөз. Бүгінгі бейбіт өмір мен Тәуелсіз елдің жарқын болашағы – сол бір сұрапыл соғыста жанқиярлықпен ерлік көрсеткен ата-бабаларымыздың, тылда аянбай еңбек еткен ардагерлеріміздің еңбегінің жемісі. Ұлы Жеңістің 81 жылдығы баршаңызға құтты болсын, – деді аудан әкімі.

Мерекелік бағдарлама барысында аудан өнерпаздары соғыс жылдары мен Жеңіс күнінің тарихи кезеңдерін бейнелейтін қойылымдар қойып, патриоттық әндер орындады. Шара көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Advertisements