Қармақшыда Ұлы Жеңіс күніне арналған тағзым шарасы өтті

44

Ұлы Жеңіс күні – халқымыздың қаһармандық рухын, ел үшін жанын қиған боздақтардың ерлігін ұлықтайтын қасиетті мереке. Бұл күн – майдан даласында Отан үшін от кешкен жауынгерлерге, тылда тынымсыз еңбек еткен азаматтарға құрмет көрсетіп, олардың жанқиярлығы мен қайсарлығын кейінгі ұрпаққа насихаттайтын тағылымы мол тарихи дата. Жеңіс мерекесі – бейбіт өмірдің, бірлік пен ынтымақтың қадірін ұғындыратын ерекше күн.

Осыған орай бүгін Қармақшы ауданындағы «Тағзым» алаңында 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне арналған «Ұмытылмас ерлік, өшпес даңқ» атты еске алу шарасы ұйымдастырылды. Тағылымы терең іс-шараға аудан әкімі Жандос Еркінбек, еңбек және соғыс ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, жастар ұйымдарының мүшелері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен аудан тұрғындары қатысты.

Салтанатты жиын Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан боздақтарды еске алудан басталды. Шараға қатысушылар «Мәңгілік алау» маңына жиналып, сұрапыл соғыс жылдарында Отан үшін жанын қиған батырлардың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Бұл рәсім ел тәуелсіздігі мен бүгінгі бейбіт өмірдің оңайлықпен келмегенін еске салып, жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді нығайтты.

Майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігін құрметтеу мақсатында бір минут үнсіздік жарияланып, қатысушылар сұрапыл соғыс құрбандарының рухына тағзым етті. Үнсіздік сәтінде көпшілік Ұлы Жеңіске үлес қосқан ата-бабалардың ерлігі мен ел үшін жасаған жанқиярлық еңбегін еске алды.

Шара барысында сөз сөйлеген аудан әкімі Жандос Еркінбек Ұлы Жеңістің тарихи маңызына тоқталып, ардагерлерге құрмет көрсету – әрбір ұрпақтың қасиетті борышы екенін атап өтті.

– Біз Отан үшін от кешкен ерлердің рухына әрдайым тағзым етіп, олардың алдында бас иеміз. Ұлы Жеңіс – тек қару ұстаған жауынгерлердің ғана емес, тылда күн-түн демей еңбек еткен азаматтардың да ортақ жеңісі. Майдандағы ерлік пен тылдағы қажырлы еңбек бір-бірімен сабақтасып, жеңіске жетудің басты негізіне айналды.

Ұлы дала батырларының қайсар рухын халық болып ұлықтау – біздің перзенттік парызымыз. Бүгінгі бейбіт өміріміз, тәуелсіздігіміз бен тұрақтылығымыз сол буынның жанқиярлығының нәтижесі. Сондықтан олардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Батырларымыздың есімі ұрпақ жадында мәңгі сақталып, кейінгі буынға үлгі бола береді.

Баршаңызды Ұлы Жеңіс күнімен құттықтаймын! Әр шаңыраққа амандық, елімізге тыныштық пен береке тілеймін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміз мәңгі болсын, – деді аудан басшысы.

Шара барысында соғыс жылдарындағы халқымыздың ерлігі мен қайсарлығы туралы естеліктер айтылып, тарихи деректерге шолу жасалды. Қатысушылар Ұлы Отан соғысына қатысқан жерлестердің өмір жолын еске алып, олардың ел үшін атқарған қызметтерін ерекше құрметпен атап өтті.

Айта кету керек, Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 миллионнан астам азамат аттанып, олардың жартысына жуығы туған жерге оралмады. Майдан даласында қазақстандық жауынгерлер ерекше ерлік көрсетіп, Жеңіс жолында өлшеусіз үлес қосты.

Сол қаһармандық жолда Қармақшы ауданынан да 5000-ға жуық азамат майданға аттанып, ел қорғау жолында ерлік көрсетті. Олардың арасында түрлі орден-медальдармен марапатталған батырлар да, Отан үшін жанын қиған боздақтар да болды. Бүгінде олардың есімі халық жадында сақталып, ерлігі кейінгі ұрпаққа өнеге болып келеді.

«Ұмытылмас ерлік, өшпес даңқ» атты еске алу шарасы өткенге тағзым жасап, ел қорғаған ерлердің рухын ұлықтаған тағылымды басқосу ретінде өз мәресіне жетті. Мұндай іс-шаралар тарихи жадымызды жаңғыртып қана қоймай, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік, елжандылық және ата-баба ерлігіне деген құрмет сезімін қалыптастыруға қызмет етеді.

Advertisements