Сырдария ауданында макроэкономикалық көрсеткіштер мен оқу жылының аяқталуы мәселелері қаралды

55

Аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы Сәрменбаевтың төрағалығымен кезекті мәжіліс өтіп, онда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім және мекеме басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері мен жауапты сала мамандары қатысты.

Мәжілістің күн тәртібінде макроэкономикалық көрсеткіштердің орындалу барысы, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, оқу жылын қорытындылау және облыс әкімінің тапсырмаларының жүзеге асырылу деңгейі талқыланды. Әр сала бойынша жауапты басшылар баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы ақпарат берді.

Жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері сараланып, жоспарланған индикаторлардың орындалу деңгейі талқыланды. Аудан басшысы негізгі көрсеткіштердің орындалуын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін айтып, әрбір сала басшысына нақты міндеттер жүктеді.

Сонымен қатар облыс әкімінің авиация саласын дамыту және цифрландыру бағытында берген тапсырмалары жан-жақты қаралды. Бұл ретте мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, заманауи цифрлық технологияларды кеңінен енгізу, ақпараттық жүйелердің тиімділігін күшейту және инфрақұрылымды жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Аудан әкімі цифрландыру үдерісі мемлекеттік қызмет көрсетудің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға ықпал ететінін атап өтіп, жауапты сала басшыларына белгіленген тапсырмаларды сапалы орындауды міндеттеді.

Мәжілісте қоғамдық қауіпсіздік мәселесі де кеңінен талқыланды. Құқық қорғау органдарының өкілдері аудан аумағындағы құқықтық тәртіптің жай-күйі туралы баяндап, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мәлімет берді. Аудан басшысы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейтіп, профилактикалық іс-шараларды жүйелі түрде жүргізу қажеттігін айтты.

Жиынның негізгі тақырыптарының бірі – оқу жылының аяқталуы және жазғы демалыс кезеңіндегі балалар қауіпсіздігі мәселесі болды. Осыған байланысты білім беру ұйымдары мен жауапты мекемелердің алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспары қаралып, оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру жолдары талқыланды.

Әсіресе балалардың су айдындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Жаз мезгілінде орын алуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстарын күшейту, рейдтік іс-шаралар өткізу және қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша нақты тапсырмалар берілді.

– Балалардың қауіпсіздігі – баршамызға ортақ міндет. Жазғы демалыс кезеңінде барлық жауапты мекемелер өзара үйлесімді жұмыс жүргізіп, қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етуі қажет. Әсіресе су айдындарында бақылауды күшейтіп, ата-аналар мен балалар арасында түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу маңызды, – деді аудан әкімі.

Мәжіліс қорытындысында барлық жауапты мекемелерге облыс әкімінің тапсырмалары мен жоспарланған іс-шаралардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету жүктелді. Сондай-ақ ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды көрсеткіштер мен қоғамдық қауіпсіздік мәселелері тұрақты бақылауда болатыны атап өтілді.

Жауапты сала басшыларына берілген тапсырмалардың орындалу барысы алдағы уақытта арнайы бақылауға алынып, нәтижелері бойынша тиісті қорытындылар жасалатыны жеткізілді.

Advertisements