«Тарихы терең, келешегі кемел Сырдария» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті

48

Аудандық «Руханият» орталығында аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы Сәрменбаевтың қатысуымен «Тарихы терең, келешегі кемел Сырдария» атты тағылымды кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Рухани кешке Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нұрмат Мансұр, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы Жұмабай Байзақұлы, «Қызылорда ньюс» ақпарат агенттігінің бас редакторы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің докторанты Айжан Абдуллаева, ҚР Мәдениет саласының үздігі Асхат Қожакелдіұлы, ауданның зиялы қауым өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер және аудан тұрғындары қатысты.

Тағылымды шара барысында қасиетті Сыр өңірінің шежірелі мекені саналатын Сырдария ауданының өткені мен бүгіні, тарихи дамуы, рухани құндылықтары мен мәдени мұрасы кеңінен қамтылған жаңа кітаптың тарихи және танымдық маңызы жан-жақты сөз болды. Кітапта ауданның қалыптасу кезеңдері, ел тарихында өзіндік орны бар тұлғалар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, табиғаты мен мәдениеті туралы мол мәліметтер жинақталған.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы аталған еңбектің аудан тарихын жүйелеп, ұрпақ санасына жеткізудегі маңызына ерекше тоқталды.

– «Тарихы терең, келешегі кемел Сырдария» атты тағылымды еңбек – жай ғана кітап емес, ауданымыздың сан ғасырлық шежіресін, елдің бірлігі мен ынтымағын, туған жердің тарихы мен тағдырын, ұлтқа қызмет еткен тұлғалардың өнегелі өмір жолын ұрпақ жадында жаңғыртатын құнды мұра.

Бұл еңбекте Сырдария өңірінің өткені ғылыми тұрғыда зерделеніп, тарихи құжаттар мен архив деректері, ел аузындағы құнды естеліктер жүйеленіп берілген. Кітапта ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, мәдениеті мен руханияты, табиғаты мен тарихи орындары туралы кең көлемді мәліметтер қамтылған.

Сырдария – тарихы терең, тағылымы мол өңір. Бұл қасиетті топырақтан елге танылған батырлар мен билер, ақын-жазушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері шыққан. Сондықтан осындай еңбектің жарық көруі – туған жер тарихына деген құрметтің және келешек ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің айқын көрінісі.

Бүгінгі жаңару мен жаңғыру дәуірінде ұлттық құндылықтарды сақтау, тарихи сананы қалыптастыру және рухани мұрамызды ұлықтау – маңызды міндеттердің бірі. Бұл кітап жас ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, ел тарихын тереңірек тануына ықпал етеді деп сенемін.

Осы еңбектің жарық көруіне үлес қосқан ғалымдар мен зерттеушілерге, өлкетанушылар мен қаламгерлерге, музей қызметкерлеріне және бұл игі іске қолдау білдірген барлық азаматтарға аудан халқының атынан шынайы алғысымды білдіремін. Бұл – көпшіліктің ортақ еңбегі мен жанашырлығының нәтижесі, – деді аудан басшысы.

Жиында сөз алған өлкетанушы Жұмабай Байзақұлы, мәдениет саласының ардагері Марат Омаров, журналист әрі зерттеуші Айжан Абдуллаева және мәдениет қайраткері Асхат Қожакелдіұлы кітаптың тарихи-танымдық маңызына тоқталып, авторлар мен құрастырушыларға ізгі тілектерін жеткізді. Олар аталған еңбектің Сырдария ауданының шынайы тарихын зерделеуде, ұлттық құндылықтарды насихаттауда және жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Кеш барысында кітаптың мазмұны таныстырылып, аудан тарихына қатысты құнды деректер мен тың мәліметтер ортаға салынды. Сондай-ақ өңірдің өткені мен бүгініне қатысты тағылымды естеліктер айтылып, Сырдария жерінің тарихи тұлғалары мен рухани мұрасы кеңінен насихатталды.

Рухани кешке жиналған көпшілік жаңа туындыға жоғары бағасын беріп, кітаптың аудан тарихын зерттеушілер мен жастар үшін маңызды дереккөз болатынын атап өтті. Тұсаукесер рәсімі ұлттық рухты дәріптеген мазмұнды кездесуге ұласып, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады.

«Тарихы терең, келешегі кемел Сырдария» кітабы – туған өлкенің өткені мен бүгінін сабақтастырып, тарихи жадымызды жаңғыртатын, ұрпақтар арасындағы рухани байланысты нығайтатын құнды еңбек ретінде бағаланды.

Advertisements