Аралда ақын Сағынай Дәріғұлұлының 75 жылдығына арналған рухани-әдеби кеш өтті

43

Бүгін Арал аудандық мәдениет үйінде ақын, мәдениет жанашыры, туған өлкенің рухани дамуына сүбелі үлес қосқан Сағынай Дәріғұлұлын еске алуға арналған «Сағындырған Сағынай» атты рухани-әдеби кеш өтті. Ақынның 75 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған тағылымды шараға аудан зиялылары, мәдениет және өнер қайраткерлері, ақын-жазушылар, ардагерлер, білім саласының өкілдері, ақынның туған-туыстары мен аудан тұрғындары қатысты.

Рухани кештің шымылдығы әсерлі театрландырылған прологпен ашылды. Сахналық қойылым арқылы ақынның өмір жолы, шығармашылық әлемі мен туған жерге деген шексіз махаббаты көркем түрде бейнеленді. Кеш жүргізушілері Сағынай Дәріғұлұлының әдебиет пен мәдениет саласындағы еңбегін кеңінен насихаттап, оның өнерге адал болмысы мен адамдық қасиеттері жөнінде тебірене әңгімеледі.

Шара барысында ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған бейнеролик көрсетіліп, оның әдеби мұрасы мен ел жадында қалған өнегелі істері туралы кеңінен айтылды. Көрермендер ақынның жүрек тебірентер жырларынан үзінділер тыңдап, шығармашылық әлеміне тағы бір мәрте бойлады.

Кештің ресми бөлімінде Арал ауданы әкімінің орынбасары Нұрмұхаммед Бохаев сөз сөйлеп, жиналған қауымды ақынның мерейтойымен құттықтап, Сағынай Дәріғұлұлының аудан мәдениеті мен руханиятына қосқан ерекше үлесіне тоқталды.

– Сағынай Дәріғұлұлы – туған жерінің рухани өмірін байытуға өлшеусіз үлес қосқан көрнекті тұлғалардың бірі. Ол ақындық өнерімен ғана емес, мәдениет саласын дамытудағы қажырлы еңбегімен, жастарға бағыт-бағдар берген ұстаздық қасиетімен де ел есінде қалды. Оның шығармалары туған жерге деген сүйіспеншілікті, ұлттық құндылықтарды және адамгершілік қасиеттерді дәріптейді. Бүгінгі кеш – ақын рухына тағзым етудің ғана емес, оның шығармашылық мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттаудың маңызды көрінісі, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Шараның ерекше сәттерінің бірі – ақынның өмірі мен шығармашылығын қамтитын «Отыз екі көктем» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі болды. Жаңа жинаққа қаламгердің әр кезеңде жазылған өлеңдері, толғаныстары мен әдеби мұралары топтастырылған.

Кітаптың тұсауы кесіліп, оқырман қауымға таныстырылуы ақын шығармашылығына деген құрметтің жарқын белгісі ретінде қабылданды. Қатысушылар бұл еңбекті Сағынай Дәріғұлұлының рухани әлемін бүгінгі және келешек ұрпаққа жеткізетін құнды мұра ретінде бағалады.

Кеш барысында ақынның сөзіне жазылған әндер орындалып, жүрекке жақын жырлары оқылды. Аудан өнерпаздары мен мәдениет саласының қызметкерлері орындаған шығармалар көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Әсіресе ақынның туған-туыстары мен немерелерінің қатысуымен орындалған өлеңдер мен әндер кештің әсерін арттырып, көрермендердің көңілін толқытты.

Тағылымды шара аясында ұйымдастырылған «Сағындырған Сағынай» атты облыстық жазба ақындар мүшайрасының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар арнайы марапатталды. Бұл байқау сөз өнерін дәріптеуге, жас ақындардың шығармашылығын қолдауға және ұлттық әдебиетті дамытуға бағытталған маңызды мәдени жоба ретінде жоғары бағаланды.

Мүшайра жеңімпаздарына дипломдар мен арнайы сыйлықтар табысталып, олардың шығармашылық ізденістеріне сәттілік тілінді. Осы арқылы ақын мұрасын ұлықтау мен жас буын қаламгерлерді қолдау бағытындағы жұмыстардың сабақтастығы көрініс тапты.

Кеш барысында ақынмен бірге қызмет еткен замандастары, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер де сөз алып, естеліктерімен бөлісті. Олар Сағынай Дәріғұлұлының қарапайымдылығы, адамгершілік қасиеттері, өнер мен мәдениетке деген адалдығы, елге деген жанашырлығы жөнінде жылы лебіздерін білдірді.

Сөз алған азаматтар ақынның қай ортада болса да парасаттылығымен, азаматтық ұстанымымен ерекшеленгенін айтып, оның өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпақ үшін әрдайым үлгі болып қала беретінін атап өтті.

Шара соңында ақынның отбасы атынан сөз сөйлеген туыстары кітаптың жарық көруіне қолдау көрсеткен азаматтарға алғыс айтып, Сағынай Дәріғұлұлының шығармашылық мұрасын дәріптеуге үлес қосқан барша жандарға ризашылықтарын білдірді.

«Сағындырған Сағынай» атты рухани-әдеби кеш ақын рухына тағзым ету ғана емес, ұлттық әдебиет пен мәдениетті насихаттаған, тарихи жадымызды жаңғыртқан, ұрпақтар сабақтастығын айшықтаған мазмұнды мәдени шара ретінде көпшілік көңілінен шықты.

Ақынның артында қалған әдеби мұрасы, ел жадында сақталған өнегелі өмір жолы мен мәдениет саласына сіңірген еңбегі алдағы уақытта да туған өлкенің рухани қазынасының ажырамас бөлігі болып қала бермек.

Advertisements