Аймақ басшысы ел ағаларымен кездесті

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев алғашқы жұмыс сапарын Қармақшы ауданындағы қасиетті Қорқыт ата мемориалдық кешенінде ел ағалары, зиялы қауым өкілдері және ардагерлермен кездесуден бастады. Тағылымы мол басқосуда ел бірлігі, қоғамдық келісім және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды мәселелер сөз болды.
Кездесуге Қазақстанның Еңбек Ерлері Абзал Ералиев пен Имамзада Шағыртаев, облыстық мәслихат төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткерлері, облыстық және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиында аймақ басшысы аға буын өкілдерінің ел өміріндегі орны ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, ел ағаларының өмірлік тәжірибесі, парасатты пікірі мен ақыл-кеңесі қоғам тұрақтылығын сақтауда, ұрпақ тәрбиесінде және ел бірлігін нығайтуда маңызды рөл атқарады.
– Халқымыз қашанда қариясын қадірлеп, ақсақал сөзін тыңдаған ел. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз, елдік мәселелерге қатысты ой-пікірлеріңіз біз үшін әрдайым маңызды. Өңірдің дамуына қатысты ұсыныстарыңыз бен ақыл-кеңестеріңіз әркез назарда болады, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Кездесу барысында ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері облыс әкімінің алдағы жұмысына сәттілік тілеп, жаңа қызметтегі алғашқы қадамды ресми жиыннан емес, киелі мекенде тағылымды кездесуден бастағанына ризашылықтарын білдірді. Олар елдік мүдде жолындағы жұмыстарда бірлік пен сабақтастықтың маңызына тоқталып, өңірдің дамуына қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды.
Тағылымды кездесуден кейін облыс әкімі Марал ишан кесенесіне арнайы барып, тарихи-мәдени нысанның қазіргі жағдайымен және онда атқарылған жұмыстармен танысты.
Жосалы кентінен шығысқа қарай 18 шақырым жерде орналасқан Марал ишан кесенесі – өңірдегі тарихи әрі рухани маңызы зор киелі орындардың бірі. Соңғы жылдары нысанды сақтау және жаңғырту бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілген.
Атап айтқанда, облыстық бюджет есебінен кесененің төлқұжаты жаңартылып, қорғау тақтасы орнатылған. Сонымен қатар нысан жергілікті маңызы бар микросакралды киелі орындар тізіміне енгізілген.
2018 жылы аудандық бюджет қаржысына кесене жаңғыртылып, облыстық бюджет есебінен 3D форматтағы интерактивті карта әзірленген. Бұл жұмыстар тарихи-мәдени мұраны насихаттап, киелі орындардың туристік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Сондай-ақ 2024 жылы облыстық бюджеттен 252,3 млн теңге бөлініп, ұзындығы 6,5 шақырымды құрайтын «Жалағаш – Жосалы – Марал ишан» автомобиль жолына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жаңартылған жол тұрғындар мен зиярат етушілердің қатынауына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді.
Жалпы, облыс әкімінің Қармақшы ауданындағы алғашқы жұмыс сапары тарихи-рухани құндылықтарды дәріптеу, ел ағаларымен пікір алмасу және өңірдің мәдени мұрасын сақтау бағытындағы жұмыстардың маңызын айқындай түсті.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі







