Арал әкімі көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысын пысықтады

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен әкімдік мәжілісі өтіп, Үкімет отырысында қаралған бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Жиынның негізгі күн тәртібінде көктемгі егіс жұмыстарына дайындық, ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер, мал қорымдарының жай-күйі, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, суға шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары және ауданның санитарлық тазалығы мәселелері қаралды.
Мәжіліс барысында ауыл шаруашылығы саласының аудан экономикасындағы маңызына ерекше тоқталған аудан әкімі аграрлық секторды дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Бүгінде мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жан-жақты қолдау көрсетіліп, салаға қомақты қаржы бағытталуда. Соның нәтижесінде өңірлерде ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі артып, жаңа жобалар жүзеге асырылуда.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Жәнібек Жұбанов баяндама жасап, көктемгі егіс жұмыстарына дайындық деңгейі, жоспарланған егіс көлемі және атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты ақпарат берді.
Аудан әкімі соңғы жылдары аудан көлемінде ауыл шаруашылығы саласында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі күшейту қажеттігін айтты. Әсіресе егіс алқаптарының көлемін ұлғайту, өнімділік көрсеткіштерін арттыру және ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда болуы тиіс екенін жеткізді.
Сонымен қатар көктемгі дала жұмыстары кезеңінде ауыл шаруашылығы дақылдарына қауіп төндіретін зиянкестермен күрес мәселесіне ерекше назар аударылды. Аудан басшысы жауапты бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне зиянкестердің таралуының алдын алу бағытында қажетті шараларды дер кезінде қолға алып, жағдайды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Жиында ауыл шаруашылығы саласына қатысты басқа да маңызды мәселелер кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, көктемгі егіс жұмыстарына тартылатын ауыл шаруашылығы техникаларының әзірлігі, жанар-жағармай қорының жеткіліктілігі және дала жұмыстарының белгіленген мерзімде орындалуы қарастырылды.
Аудан әкімі кент және ауылдық округ әкімдеріне көктемгі егін егу жұмыстарын жоспарға сәйкес толық әрі сапалы орындауды міндеттеді. Сонымен бірге мемлекеттік бағдарламалар арқылы балық қорын сақтау, көбейту және дамыту бағытындағы жұмыстарды жандандырып, жаңа жобаларды жүзеге асыру жөнінде жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.
Мәжілісте аудан аумағындағы мал қорымдарының қазіргі жағдайы да арнайы қаралды. Бүгінде аудан бойынша қала, кент және ауылдық округтерде орналасқан 24 мал қорымы бар. Оның ішінде 6 мал қорымы қарапайым жағдайда жұмыс істеп тұр.
Аудан әкімі кейбір елді мекендердегі мал қорымдарының санитарлық және ветеринарлық талаптарға толық сәйкес келмейтінін айтып, бұл мәселеге немқұрайлы қарауға болмайтынын ескертті. Ол мал қорымдарына қатысты заң талаптарының сақталмауы түрлі жұқпалы аурулардың таралу қаупін арттыратынын атап өтті.
Осыған байланысты қала, кент және ауылдық округ әкімдеріне мал қорымдары орналасқан жер телімдерінің заң талаптарына сәйкес рәсімделуін қамтамасыз ету, санитарлық нормалардың сақталуын бақылау және барлық қажетті инфрақұрылымдық жұмыстарды жүргізу жөнінде нақты міндеттер жүктелді.
Сонымен қатар аудан көлемінде бұрын тіркелген сібір жарасы ошақтарының аумақтарын қоршау, арнайы белгілеу және ветеринариялық қауіпсіздік талаптарының толық орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды. Бұл жұмыстардың барлығы халықтың қауіпсіздігін сақтау және эпизоотиялық ахуалды тұрақты ұстап тұру мақсатында жүзеге асырылатыны айтылды.
Жиында республикалық «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалу барысы да кеңінен талқыланды. Аудан әкімі аталған бағдарламаның ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырудағы маңызына тоқталып, мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.
Бағдарлама аясында жеңілдетілген несие алып, кәсіп ашуға немесе шаруашылығын кеңейтуге мүмкіндік бар екенін айтқан аудан басшысы жауапты сала мамандарына халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, бағдарламаның мүмкіндіктерін кеңінен насихаттауды тапсырды.
Мәжіліс барысында жаз мезгілінің жақындауына байланысты суға шомылу маусымындағы қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмады. Аудан әкімі тиісті мекемелерге тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, рұқсат етілмеген орындарда шомылудың алдын алу бағытындағы шараларды күшейтуді тапсырды.
Сонымен бірге құтқару қызметтерінің дайындығын қамтамасыз ету, жағажай аумақтарын ретке келтіру және қауіпсіздік белгілерін орнату жұмыстарын қазірден бастап қолға алу қажеттігі айтылды.
Жиында ауданның санитарлық тазалығы мәселесі де кеңінен сөз болды. Аманжол Сақыпұлы аудан көлеміндегі тазалық жұмыстары тұрақты бақылауда болатынын айтып, кейбір елді мекендерде анықталған кемшіліктерге тоқталды.
Аудан басшысы көшелердің, қоғамдық орындардың және әлеуметтік нысандар маңындағы аумақтардың тазалығы күнделікті бақылауда болуы тиіс екенін айтып, жауапты тұлғаларға анықталған кемшіліктерді екі күн мерзім ішінде толық жою жөнінде тапсырма берді.
Сондай-ақ «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясындағы жұмыстарды жандандырып, санитарлық тазалықты сақтау мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті.
Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев көтерілген мәселелердің барлығы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды екенін атап өтті. Ол әрбір тапсырманың уақытылы әрі сапалы орындалуы қатаң бақылауда болатынын айтып, жауапты тұлғаларға өз міндеттеріне жоғары жауапкершілікпен қарау қажеттігін ескертті.
– Әрбір тапсырманың нақты нәтижесі болуы керек. Жиын барысында көтерілген сын-ескертпелерден тиісті қорытынды шығарып, жұмысты жаңа деңгейде ұйымдастыру қажет. Халықтың әл-ауқаты мен ауданның дамуы жолындағы жұмыстарға немқұрайлы қарауға болмайды, – деді аудан басшысы.
Осылайша әкімдік мәжілісінде қаралған мәселелер бойынша жауапты мекемелер мен сала басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауға алынды.







