Қармақшы ауданында көктемгі егіс жұмыстарының барысы талқыланды

Бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен кезекті мәжіліс өтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды мәселелер қаралды. Жиынның негізгі күн тәртібі көктемгі егіс жұмыстарының барысы мен алдағы ауыл шаруашылығы науқанына дайындық мәселелеріне арналды.
Мәжіліске жауапты бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, сала мамандары мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдері қатысып, аудан бойынша жүргізіліп жатқан егіс жұмыстарының орындалу деңгейі мен өзекті мәселелерді талқылады.
Жиын барысында 2026 жылғы егіс көлемін орналастыру, су жеткізу мәселелері, жүгері егу жоспарының орындалуы, су үнемдеу технологияларын енгізу және ауыл шаруашылығы саласындағы басқа да маңызды бағыттар жан-жақты қаралды.
Мәжілісте сөз сөйлеген аудан әкімі Жандос Еркінбек ауыл шаруашылығы Қармақшы ауданы экономикасының негізгі тіректерінің бірі екенін атап өтті.
– Біздің аудан үшін егін шаруашылығының маңызы ерекше. Сондықтан көктемгі дала жұмыстарын сапалы әрі уақытылы ұйымдастыру – басты міндеттердің бірі. Егіс науқанының нәтижесі аудан тұрғындарының әл-ауқатына, шаруашылықтардың табысына және өңірдің экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Сол себепті барлық жауапты мекемелер мен шаруашылықтар жұмыстарды жоғары деңгейде ұйымдастыруы қажет, – деді аудан басшысы.
Жауапты сала мамандарының мәліметінше, биыл аудан бойынша жалпы көлемі 24 057 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланған. Оның ішінде негізгі дақылдардың бірі саналатын күріш көлемі 10 700 гектарды құрайды.
Мәжілісте соңғы жылдары байқалып отырған су тапшылығы мәселесіне ерекше назар аударылды. Осыған байланысты су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында күріш егістігінің көлемін оңтайландырып, суды аз қажет ететін дақылдардың үлесін арттыру қажеттігі айтылды.
Әсіресе жүгері дақылын көбейту мәселесі күн тәртібіндегі негізгі бағыттардың бірі болды. Жүгері – мал азығы қорын нығайтуға және ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін маңызды дақылдардың бірі.
Осыған байланысты аудан әкімі аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөліміне жүгері егу жоспарының толық әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
– Су тапшылығы жағдайында егіс құрылымын дұрыс қалыптастыру аса маңызды. Сондықтан суды аз қажет ететін әрі экономикалық тиімділігі жоғары дақылдарды көбейтуіміз қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар нақты жоспар негізінде жүзеге асырылуы тиіс, – деді Жандос Еркінбек.
Жиында тұрғындардың бақша өнімдерін егу мәселесі де қаралды. Көктемгі маусымда халықтың көкөніс және бақша өнімдерін егуіне қолайлы жағдай жасау мақсатында бірқатар ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.
Аудан басшысы жауапты сала мамандарына тұрғындардың жер дайындау жұмыстарын ұйымдастыруға, қажетті техникалармен қамтамасыз етуге және су жеткізу мәселелерін үйлестіруге қатысты нақты тапсырмалар берді.
Сонымен қатар мәжілісте егін шаруашылығындағы ең маңызды мәселелердің бірі – аяқ су жеткізу жайы талқыланды. Су арналарының техникалық жағдайы, каналдар мен қашыртқыларды тазалау жұмыстары және биылғы су көлемінің болжамы сараланды.
Жауапты мекеме басшылары су жеткізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, вегетациялық кезеңде суды тиімді пайдалану шараларына тоқталды.
Аудан әкімі су тапшылығы жағдайында әрбір тамшы судың тиімді пайдаланылуы қажет екенін айтып, су арналарының қалыпты жұмысын қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттер жүктеді.
Сондай-ақ жиында заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу мәселесі кеңінен талқыланды. Бүгінде ауыл шаруашылығында тамшылатып суару, жаңбырлатып суару және басқа да инновациялық тәсілдерді пайдалану арқылы су шығынын азайтуға мүмкіндік бар екені айтылды.
Осыған байланысты сала мамандарына шаруашылықтар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, жаңа технологияларды енгізуге қолдау көрсету тапсырылды.
Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі тиісті бөлімдерге, кент және ауылдық округ әкімдеріне көктемгі егіс науқанын белгіленген жоспарға сәйкес сапалы әрі уақытылы аяқтауды, жүгері егу жоспарының толық орындалуын қамтамасыз етуді және су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу бағытындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға бағытталған барлық шаралардың тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.
Жалпы, аудан бойынша көктемгі дала жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Алдағы уақытта егіс науқанының сапалы ұйымдастырылуы мен су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар жалғасып, ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына басымдық берілетін болады.







