Көктемгі дала жұмыстарының барысы талқыланды

Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі дала жұмыстарының барысы, вегетациялық кезеңге дайындық және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері қаралды. Мәжіліске облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысып, өңірдегі ахуал жөнінде баяндама жасады.
Үкімет отырысында аймақтағы егін егу науқанының барысы, су тапшылығы жағдайында атқарылып жатқан жұмыстар және ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі міндеттер кеңінен талқыланды.
Облыс әкімінің айтуынша, биылғы вегетациялық кезеңге арналған су лимиті 3 млрд 250 млн текше метр көлемінде бекітілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 650 млн текше метрге аз. Су көлемінің азаюына байланысты биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 185,8 мың гектар жерге орналастырылмақ.
Мемлекет басшысының су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, өңірде егіс құрылымын әртараптандыру бағытында нақты шаралар қабылданған. Атап айтқанда, биыл күріш алқабы 10,9 мың гектарға қысқартылып, жалпы көлемі 70 мың гектарды құрады. Соңғы төрт жылда күріш көлемі 19 мың гектарға немесе 21 пайызға азайған.
Аймақ басшысы су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында суды аз қажет ететін дақылдардың көлемі ұлғайтылып жатқанын атап өтті.
– Қысқартылған күріш алқаптарының орнына суды аз қажет ететін дақылдар егіледі. Оның ішінде жүгері көлемі 15 мың гектарға дейін жеткізіледі. Бұл – су тапшылығы жағдайында тиімді шешімдердің бірі, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Бүгінде көктемгі дала жұмыстары өңірде қарқынды жүргізілуде. Күріш егу науқаны 22 сәуір күні басталып, қазіргі таңда 35 700 гектар жерге егін егілген. Жоспар бойынша егіс жұмыстары 1 маусымға дейін толық аяқталады.
Сонымен қатар, көктемгі егіске қажетті материалдық-техникалық ресурстар толық қамтамасыз етілген. Қажетті 65 600 тонна минералды тыңайтқыштың 97 пайызы сатып алынған. Ауыл шаруашылығы техникалары толық дайындыққа келтірілген.
Мемлекет тарапынан көктемгі дала жұмыстарына 10 144 тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп, шаруашылықтарға бекітілген кестеге сәйкес жеткізілуде.
Үкімет отырысынан кейін облыс әкімінің төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте өңірдегі өзекті мәселелер тағы да талқыланып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
Аймақ басшысы вегетациялық кезеңде шаруашылықтарды суармалы сумен қамтамасыз ету мәселесі ерекше бақылауда болуы тиіс екенін атап өтті.
– Су лимитінің магистральді және шаруашылықаралық каналдар арқылы егістік алқаптарына толық жетуін, ауыспалы егіс талаптарының сақталуын тұрақты бақылауға алыңыздар. Өңірге келетін су көлемінің есебі қатаң жүргізіліп, вегетация кезеңінде су шаруашылығы нысандары мен насос станцияларының үздіксіз жұмыс істеуі қамтамасыз етілуі қажет, – деді облыс әкімі.
Сонымен бірге, әлеуметтік саладағы мәселелерге де ерекше назар аударылды. Аз қамтылған азаматтарды жұмыспен қамту арқылы әлеуметтік тәуелділікті азайту, көпбалалы және мүгедектігі бар азаматтарды қолдау шараларын күшейту міндеті қойылды.
Денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру, саланы цифрландыру, дәрі-дәрмекпен қамту және материалдық-техникалық базаны нығайту тапсырылды.
Бұдан бөлек, өңірдегі құрылыс нысандарының сапасын бақылау, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, тозығы жеткен электр және жылу желілерін жаңғырту, газдандыру көрсеткішін арттыру мәселелері де күн тәртібінде болды.
Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және инклюзивті білім беру бағытындағы жұмыстарды күшейтіп, ерекше білімді қажет ететін балаларға қолайлы жағдай жасаған мектептердің үлесін арттыру міндеті жүктелді.
Жалпы, Үкімет отырысында және одан кейінгі аймақтық мәжілісте көтерілген мәселелер өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылығы саласының тұрақтылығын сақтауға және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды міндеттерді айқындады.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі







