Қармақшыда алғаш рет «IT Park Qarmaqshy» филиалы ашылды

61

Қазіргі таңда әлемде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамып, экономиканың барлық саласына жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр. Бұл бағыт мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, қоғамның даму қарқынына да тікелей әсер етуде. Осыған байланысты Мемлекет басшысының 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялауы еліміздің технологиялық жаңғыру жолындағы маңызды қадамдарының бірі болды.

Президент бастамасын жүзеге асыру аясында Қармақшы ауданында алғаш рет «IT Park Qarmaqshy» филиалы ашылды. Бұл жаңа орталық аудан жастарының цифрлық сауаттылығын арттырып, ақпараттық технологиялар саласында кәсіби білім алуына мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналмақ.

Орталықтың ашылу рәсімі аясында аудан әкімі Жандос Еркінбек арнайы ұйымдастырылған көрмемен танысып, жас өнертапқыштар әзірлеген робототехника жобаларын тамашалады. Жастардың тың идеялары мен заманауи технологияларға негізделген жобалары аудан басшысының жоғары бағасына ие болды.

Шара барысында аудан әкімінің төрағалығымен «IT Park Qarmaqshy» филиалының қызметіне арналған арнайы мәжіліс өткізілді. Жиында жаңа орталықтың алдағы жұмыс жоспары, жастарды цифрлық технологияларға баулу және жасанды интеллект бағытындағы мүмкіндіктер кеңінен талқыланды.

Жандос Еркінбек өз сөзінде бүгінгі таңда ақпараттық технологияларды меңгеру уақыт талабы екенін атап өтті.

– Бұл орталықта аудан жастары басқа өңірлерге бармай-ақ бағдарламалау, робототехника, графикалық дизайн және цифрлық технологиялардың басқа да бағыттары бойынша білім ала алады. Бұл – болашақтың мамандықтарын игеруге жасалған үлкен мүмкіндік. Егер жастарымыздың тың идеялары болса, осы орталық оларды дамытуға және нақты жобаларға айналдыруға мүмкіндік береді. Біз Қармақшыдан шыққан талантты жастардың ертең әлемдік деңгейдегі ІТ-компанияларда жұмыс істеп, халықаралық жобаларды жүзеге асыратын мамандар қатарына қосылғанын қалаймыз, – деді аудан басшысы.

Жиын барысында «IT Park Qarmaqshy» орталығының жетекшісі Жанболат Сәдібеков жаңа орталықтың қызмет бағыттарымен таныстырып, жүзеге асырылатын оқу бағдарламалары туралы баяндады. Оның айтуынша, орталықта бағдарламалау негіздері, веб-әзірлеу, робототехника, графикалық дизайн және жасанды интеллект бағыттары бойынша арнайы курстар ұйымдастырылады.

Сонымен қатар «GRAND master» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Алмат Қуанышбаев «Цифрландыру және жасанды интеллект мүмкіндіктері» тақырыбында баяндама жасап, жаңа технологиялардың қоғам мен экономикаға тигізетін әсері туралы кеңінен тоқталды. Ол жасанды интеллекттің білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару және кәсіпкерлік салаларындағы артықшылықтарын атап өтті.

Өз кезегінде аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов жастарды білім мен инновацияға ұмтылуға шақырып, жаңа орталықтың жұмысына табыс тіледі.

– Бүгінгі жастар – ертеңгі елдің тірегі. Сондықтан білімге, ғылымға және жаңа технологияларға ұмтылу – уақыт талабы. Бұл орталық аудан жастары үшін жаңа мүмкіндіктердің есігін ашып, олардың шығармашылық және кәсіби әлеуетін дамытуға ықпал етеді деп сенеміз, – деді ол.

Айта кету керек, «Руханият» орталығының базасында орналасқан «IT Park Qarmaqshy» кабинеті барлық қажетті техникалық құралдармен толық қамтамасыз етілген. Орталықта заманауи талаптарға сай жабдықталған 12 дербес компьютер орнатылып, оқу процесін тиімді ұйымдастыруға қажетті жағдайлар жасалған.

Жоба аясында жыл сайын кемінде 300 жас қамтылып, арнайы оқу бағдарламаларын толық аяқтаған қатысушыларға сертификаттар табысталатын болады. Бұл жастардың еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықтарды меңгеруіне және кәсіби біліктілігін арттыруына мүмкіндік береді.

Аталған бастаманы іске асыру үшін аудандық бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, «Жасанды интеллект – болашақ бастауы: жастардың цифрлық сауаттылығы мен жаңа дағдыларын қалыптастыру» атты мемлекеттік әлеуметтік жоба әзірленді. Қазіргі уақытта жоба бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізіліп, оны толыққанды іске асыру жұмыстары қолға алынуда.

«IT Park Qarmaqshy» филиалының ашылуы – Қармақшы ауданындағы цифрлық трансформация жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл бастама жастардың жаңа технологияларды меңгеруіне, инновациялық жобаларды жүзеге асыруына және өңірдің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға үлкен серпін бермек.

Advertisements