Ақжар ауылында Сәден Нұртаев атындағы республикалық олимпиада өтті

40

Қазіргі таңда жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ел тарихына деген қызығушылығын арттыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналып отыр. Осы мақсатта республика көлемінде түрлі білім бәйгелері мен танымдық жобалар жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Осындай тағылымы мол шаралардың бірі – Қазақстан тарихы пәнінен 9–10 сынып оқушылары арасында өткізілетін Сәден Нұртаев атындағы республикалық олимпиада.

Бүгін Ақжар ауылдық округіндегі №28 орта мектеп базасында ұлағатты ұстаз, өлкетанушы әрі мұрағатшы Сәден Нұртаевтың есімін ұлықтауға арналған кезекті республикалық олимпиада өткізілді. Білім додасы тарих пәніне қызығушылық танытатын дарынды оқушылардың басын қосып, олардың білім деңгейін саралауға және ғылыми ізденістерін дамытуға мүмкіндік берді.

Аталған олимпиада «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Қызылорда облысы бойынша филиалының бастамасымен ұйымдастырылды. Шараның негізгі мақсаты – оқушылардың Қазақстан тарихы пәніне деген қызығушылығын арттыру, тарихи ойлау қабілетін дамыту, дарынды жастарды анықтап, қолдау көрсету және ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау.

Сәден Нұртаев – туған өлкенің тарихын зерттеуге өмірін арнаған, өлкетану саласының дамуына зор үлес қосқан көрнекті тұлғалардың бірі. Ол өткен ғасырдың 60-жылдарында туған жер тарихын зерттеу жұмыстарын алғаш қолға алған азаматтардың қатарында болды. КСРО Білім беру ісінің үздігі атанған ұлағатты ұстаздың ғылыми ізденістері мен тарихи мұраларды жинақтау бағытындағы еңбектері бүгінгі күні де өз маңызын жоғалтқан жоқ.

Оның жинаған деректері мен зерттеулері өңір тарихын тануда маңызды ақпарат көзіне айналып, көптеген жас зерттеушілерге бағыт-бағдар беріп келеді. Сондықтан Сәден Нұртаевтың есімі білім мен ғылымға адалдықтың, туған жер тарихына деген құрметтің символы ретінде құрметтеледі.

Олимпиаданың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы Кәсіби даму институты директорының орынбасары Сәкен Серікбаев арнайы қатысып, жас дарындарға ізгі тілектерін жеткізді.

Қонақтар өз сөздерінде ел тарихын білу – әр азаматтың парызы екенін атап өтіп, жастарды білімге, ізденіске және ғылыми зерттеулермен айналысуға шақырды. Сонымен қатар мұндай білім сайыстарының өскелең ұрпақтың дүниетанымын кеңейтіп, ұлттық рухты нығайтудағы маңызы ерекше екендігі айтылды.

Биылғы республикалық олимпиадаға Қызылорда және Түркістан облыстарынан барлығы 22 оқушы қатысып, өзара бақ сынасты. Қатысушылар Қазақстан тарихы пәні бойынша теориялық және практикалық тапсырмаларды орындап, тарихи оқиғалар мен деректерге қатысты білімдерін көрсетті.

Жаңа заман талаптарына сай ұйымдастырылған олимпиада үш инновациялық кезең бойынша өткізіліп, оқушылардың тек білім деңгейін ғана емес, аналитикалық ойлау қабілетін, тарихи деректерді саралау және цифрлық технологияларды пайдалану дағдыларын да бағалауға мүмкіндік берді.

Білім додасы барысында қатысушылар өздерінің жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, тарихи таным көкжиегінің кеңдігін дәлелдеді. Әсіресе туған өлке тарихы, ұлттық мемлекеттіліктің қалыптасуы және Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы даму кезеңдеріне қатысты сұрақтар ерекше қызығушылық тудырды.

Олимпиада қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен оқушылар дипломдармен, арнайы сертификаттармен және қаржылай сыйақылармен марапатталды. Сонымен қатар жеңімпаздардың жетістіктері олардың болашақ білім жолындағы маңызды қадамдарының бірі ретінде бағаланды.

Айта кету керек, мұрағатшы әрі ұлағатты ұстаз Сәден Нұртаев атындағы цифрлық форматтағы республикалық олимпиада 2018 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде жүздеген оқушы қатысып, өз білімдерін сынап, тарихи ғылымға деген қызығушылықтарын арттыруға мүмкіндік алды.

Бүгінде бұл олимпиада өңірлік деңгейден асып, жас тарихшылардың шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін дамытуға бағытталған беделді республикалық білім алаңдарының біріне айналып отыр. Мұндай игі бастамалар өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырып, ұлттық құндылықтарды қадірлейтін білімді әрі бәсекеге қабілетті азамат тәрбиелеуге қызмет етуде.

Advertisements