Қармақшы ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды

35

Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы маңызды бастамалардың біріне айналды. Аталған акция аясында Қармақшы ауданында жүйелі түрде тазалық және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп келеді.

Осыған орай бүгін аудан көлемінде кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, оған мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, еріктілер, жастар ұйымдарының мүшелері, қоғамдық ұйым өкілдері және аудан тұрғындары белсенді қатысты. Тазалық шарасына қатысушылар туған өлкенің көркеюіне өз үлестерін қосып, қоршаған ортаны таза ұстаудың маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Сенбілік жұмыстарына аудан әкімі Жандос Еркінбек арнайы қатысып, акция барысында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Аудан басшысы елді мекендердегі санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарының барысын аралап көріп, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Жандос Еркінбек тазалық мәдениеті әрбір азаматтың өмір салтына айналуы қажеттігін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстардың тек сенбілік күндерімен шектелмеуі керектігін жеткізді.

– Тазалық – қоғам мәдениетінің айнасы. Туған жердің көркеюі мен тазалығы әрбір тұрғынның жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп, елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсартуымыз қажет. «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасуы тиіс, – деді аудан басшысы.

Ауқымды тазалық шарасына ауданға қарасты 2 кент пен 12 ауылдық округтің тұрғындары белсенді түрде қатысып, өз аумақтарында сенбілік жұмыстарын жүргізді. Қатысушылар көше бойларын, саябақтарды, қоғамдық орындарды, әлеуметтік нысандардың аумақтарын және тұрғын үй маңындағы жерлерді қоқыстан тазартты.

Сенбілік барысында шөп шабу, ағаштарды әктеу, қоршауларды сырлау, көшелерді ретке келтіру және көркейту-көгалдандыру жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар қоғамдық орындардың санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында қоқыс қалдықтары жиналып, арнайы техникалардың көмегімен белгіленген орындарға шығарылды.

Тазалық жұмыстарына арнайы коммуналдық техника жұмылдырылып, санитарлық тазарту шаралары барлық елді мекендерде ұйымдасқан түрде жүргізілді. Бұл жұмыстар ауданның экологиялық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындар үшін қолайлы әрі таза орта қалыптастыруға бағытталды.

Айта кету керек, Қармақшы ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасып келеді. Әр апта сайын өткізілетін сенбіліктерге тұрғындар белсенді қатысып, туған жердің тазалығы мен көркеюіне атсалысуда. Бұл өз кезегінде экологиялық мәдениетті қалыптастырып, қоғамның қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға оң ықпал етуде.

Таза әрі көрікті аудан қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Сондықтан аудан тұрғындарын туған жердің тазалығын сақтауға, қоршаған ортаны қорғауға және абаттандыру жұмыстарына белсенді қатысуға шақырамыз.

Өйткені таза орта – дені сау қоғамның, көркейген елді мекеннің және жарқын болашақтың кепілі.

Advertisements