Әділбек Серікбаевты еске алуға арналған республикалық самбо турнирі басталды

49

Бүгін аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде аудан әкімінің тапсырмасымен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, самбо спортының дамуына өлшеусіз үлес қосқан білікті бапкер Әділбек Үргенішбайұлы Серікбаевты еске алуға арналған 2009–2010 жылы туған жасөспірімдер арасындағы самбодан республикалық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Жас ұрпақ арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту, самбо күресіне қызығушылықты арттыру және еліміздің әр өңіріндегі жас спортшылардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау мақсатында ұйымдастырылған дәстүрлі жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 200-ге жуық жас спортшы қатысуда.

Жыл сайын өткізілетін бұл жарыс тек спорттық бәсеке ғана емес, сонымен қатар қазақ спортының дамуына үлес қосқан тұлғалардың еңбегін ұлықтауға бағытталған тағылымды шаралардың бірі болып саналады. Әсіресе, өмірін шәкірт тәрбиелеуге және спорт саласына арнаған Әділбек Серікбаевтың есімін жас буынға танытуда мұндай турнирлердің маңызы зор.

Салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев, Қызылорда облыстық самбо федерациясының президенті Алмат Әбдірахманұлы, спорт ардагерлері, жаттықтырушылар, спортшылар және Әділбек Үргенішбайұлының туған-туыстары қатысты.

Шара барысында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Диас Асылбекұлы турнирдің тәрбиелік және спорттық маңызына ерекше тоқталды.

– Әділбек ағамыздың өмір жолы мен еңбегі кейінгі ұрпаққа әрдайым үлгі болып қала береді. Осындай тағылымды жарыстар арқылы біз ел спортына еңбек сіңірген азаматтардың есімін ұлықтап қана қоймай, жастарды спортқа баулып, салауатты өмір салтын насихаттаймыз. Аға буынның өнегелі жолын жалғастыру – бүгінгі жас спортшылардың басты міндеттерінің бірі.

2021 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан бұл жарыс биыл ауданымызда алтыншы мәрте өткізілуде. Бұл турнирдің жылдан-жылға ауқымы кеңейіп, республика көлеміндегі беделді спорттық додалардың біріне айналғанын көрсетеді. Барлық қатысушыларға сәттілік, жеңіске деген жігер мен қажымас қайрат тілеймін, – деді ол.

Жарыс барысында сөз алған Қызылорда облыстық самбо федерациясының президенті Алмат Әбдірахманұлы да мұндай турнирлердің жастар тәрбиесіндегі маңызына тоқталып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Сонымен қатар Әділбек Үргенішбайұлының туыстары көрсетілген құрмет үшін ризашылықтарын жеткізіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Әділбек Серікбаев – қазақ спортының дамуына үлкен үлес қосқан тәжірибелі жаттықтырушы. Ол ұзақ жылдар бойы шәкірт тәрбиелеп, көптеген спортшылардың республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетуіне ықпал етті. Өзінің кәсіби біліктілігі мен еңбексүйгіштігінің арқасында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағына ие болды.

Салтанатты рәсім мәдени бағдарламамен жалғасып, аудан өнерпаздары патриоттық әндер орындады. Көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған концерттік бағдарлама жарыстың сәнін арттыра түсті.

Турнирдің алғашқы белдесулері де осы күні басталып, жас спортшылар татамиде өздерінің дайындық деңгейі мен шеберліктерін көрсетті. Қатысушылар арасында тартысты кездесулер өтіп, көрермендер қызықты әрі әсерлі спорттық бәсекенің куәсі болды.

Айта кету керек, екі күнге жоспарланған республикалық турнир барысында спортшылар бірнеше салмақ дәрежесі бойынша бақ сынайды. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Әділбек Серікбаевты еске алуға арналған дәстүрлі республикалық турнир 17 мамыр күні өз мәресіне жетіп, үздік спортшылар анықталатын болады.

Advertisements