Төретам кентіндегі ауыз су мәселесі бақылауда

43

Байқоңыр қаласы мен Төретам кенті аумағындағы су беру жүйесінде жүргізіліп жатқан техникалық жұмыстарға байланысты Төретам кентінің бірқатар көшелері мен әлеуметтік нысандарында ауыз су беру көлеміне уақытша шектеулер енгізілді. Қазіргі таңда орын алған жағдайды тұрақтандыру және тұрғындарды қажетті коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстар ұйымдастырылуда.

Осыған байланысты бүгін аудан әкімінің тапсырмасымен аудан әкімі аппаратының басшысы Ермек Сәтбаев Төретам кентіне арнайы барып, қалыптасқан ахуалмен танысты. Іссапар барысында кент әкімдігі, коммуналдық салаға жауапты мекеме өкілдері және Байқоңыр қаласының тиісті құрылымдарының мамандарымен кездесулер өткізіліп, туындаған мәселені шешу жолдары жан-жақты талқыланды.

Жұмыс барысында су беру жүйесінде жүргізіліп жатқан техникалық жөндеу және қалпына келтіру шараларының орындалу барысы қаралып, жауапты мекемелерге жұмысты жеделдету жөнінде нақты міндеттер қойылды. Мамандардың мәліметінше, қазіргі таңда су жүйесіндегі ақауларды жою және қалыпты режимдегі су беруді қайта қалпына келтіру бағытында қажетті жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде.

Тұрғындар мен әлеуметтік маңызы бар нысандарды ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында арнайы техникалар жұмылдырылып, су тасымалдау ұйымдастырылған. Әсіресе білім беру, денсаулық сақтау және басқа да әлеуметтік мекемелердің қажеттілігі бірінші кезекте ескеріліп, тиісті көлемде ауыз су жеткізілуде.

Сонымен қатар тұрғындардан келіп түскен ұсыныстар мен өтініштер назарға алынып, коммуналдық қызмет көрсетуші ұйымдармен бірлескен жұмыстар күшейтілді. Жауапты мамандар су беру жүйесін толық қалпына келтіру үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.

Аудан әкімдігі тарапынан мәселе тұрақты бақылауға алынып, орын алған қолайсыздықтарды барынша қысқа мерзімде жою бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Аудан басшысы жауапты сала жетекшілеріне қалпына келтіру шараларын сапалы әрі уақытылы ұйымдастыруды, тұрғындарды қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуді және әлеуметтік нысандардың қалыпты жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.

Жергілікті атқарушы органдар тұрғындардың түсіністік танытып отырғанына алғыс білдіріп, су беру жүйесіндегі техникалық жұмыстар толық аяқталғанға дейін жағдайдың тұрақты бақылауда болатынын хабарлайды.

Advertisements