«Қарлан» көпірі құрылысы: аудан әкімі жұмыс барысымен танысты

27

Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов аудандық маңызы бар «Қазалы–Қожабақы–Бозкөл–Кәукей» автомобиль жолының 16 шақырымында салынып жатқан «Қарлан» көпірінің құрылыс барысын көрді.

Қазіргі таңда нысанда көпірдің негізгі тірек бөліктерін орнату және бетон тіреулерін құю жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге дейін 84 дана свай қағу жұмыстары толық аяқталған. 8 тіреудің 4-еуі орнатылып, қалған бөліктері бойынша жұмыстар жалғасуда. Құрылыс кезең-кезеңімен жоспарға сәйкес атқарылуда.

Жобаның жалпы құны 6 млрд 746 млн теңгені құраса, биылғы жылы оны іске асыруға 2 млрд 210 млн теңге бөлінген.

Аудан әкімі құрылыс алаңында мердігер мекеме – «НұрлыТау ЛТД» ЖШС өкілдерімен кездесіп, жұмыс сапасына ерекше мән беруді және нысанды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, жұмыстарды жеделдету қажеттігін ескертті.

Жобаға сәйкес, Сырдария өзені арқылы салынатын көпір өткелінің жалпы ұзындығы 2,5 шақырымды құрайды. Оның ішінде көпірдің ұзындығы – 248,29 метр, ал кірме жолдар – 2,3 шақырым. Инфрақұрылым аясында жарық бағаналары орнатылып, жол толық абаттандырылады.

Құрылысқа 14 арнайы техника мен 25 жұмысшы жұмылдырылған.

Көпір құрылысы аяқталғаннан кейін Өркендеу, Бірлік, Қожабақы, Аранды, Бозкөл, Тасөткел, Лақалы, Ажар, Тасарық және Кәукей елді мекендерінің тұрғындары үшін қатынас жеңілдеп, 10 мыңнан астам халықтың жол қатынасы едәуір жақсарады.

Advertisements