«Жастар алаңы – болашақ бағыты»: аудан әкімі түлектермен кездесті

50

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында жастардың сапалы білім алып, заман талабына сай дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Президент атап өткендей, еліміздің болашағы – білімді, білікті әрі жауапкершілігі жоғары жастардың қолында. Осыған байланысты жас буынның жан-жақты дамуына жағдай жасау, олардың бастамаларына қолдау көрсету және жаңа мүмкіндіктерге жол ашу – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.

Осы мақсатта бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбектің қатысуымен мектеп бітіруші түлектерге арналған «Жастар алаңы – болашақ бағыты» атты еркін форматтағы кездесу өтті. Тағылымды жиынға аудан мектептерінің бітіруші түлектері, білім саласының өкілдері және жастар қатысты.

Кездесудің басты мақсаты – жастармен ашық пікір алмасу, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау, кәсіби бағдар беру және мемлекеттік қолдау тетіктері жөнінде жан-жақты ақпарат ұсыну болды.

Жиын барысында аудан басшысы түлектерді алдағы өмір жолындағы маңызды кезеңмен құттықтап, білім мен еңбектің құндылығы туралы ой бөлісті. Сонымен қатар қазіргі таңда мемлекет тарапынан жастарға жасалып жатқан қолдау шаралары, білім алу мүмкіндіктері, кәсіпкерлікті дамыту бағдарламалары және жаңа технологияларды меңгеруге бағытталған жобалар туралы кеңінен әңгімеледі.

Еркін форматта өткен кездесуде оқушылар ауданның дамуы, жастар саясаты және өздерін қызықтыратын түрлі мәселелер бойынша сауалдарын қойып, ашық пікір алмасты. Әсіресе аудан жастарына ұсынылып жатқан жаңа мүмкіндіктер мен болашақ жобалар төңірегіндегі сұрақтар кеңінен талқыланды.

Солардың бірі – аудан жастарының қаладағы құрдастарымен тең дәрежеде білім алып, заманауи технологияларды меңгеруіне қатысты мәселе болды. «Аудан жастарының қала жастарымен тең мүмкіндігі үшін қандай бағдарламалар жүзеге асырылуда?» деген сұраққа аудан әкімі нақты жауап берді.

– Бүгінгі таңда заман талабына сай білім алу мен цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды. Осы мақсатта ауданымызда облыстық IT парк филиалы ашылды. Бұл орталық жастардың жаңа технологияларды меңгеруіне, бағдарламалау, робототехника және жасанды интеллект бағыттарында білім алуына мүмкіндік береді. Мұнда сайт құрастыру, цифрлық платформаларды пайдалану және инновациялық жобалар әзірлеу бағытындағы курстар тегін жүргізіледі. Сонымен қатар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жастардың шығармашылық және кәсіби әлеуетін арттыруға арналған бірқатар жобалар іске асырылатын болады. Сондықтан беріліп жатқан мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, үнемі ізденіп, білім көкжиегін кеңейту қажет, – деді аудан басшысы.

Кездесу барысында жастар өздерінің болашақ мамандық таңдауы, жоғары оқу орындарына түсу, кәсіпкерлік бастамалар, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу бағытындағы ойларын ортаға салды.

Жиында ауданымыздың қоғамдық өміріне белсенді араласып, білім, ғылым, спорт, өнер және қоғамдық жұмыстарда жоғары жетістіктерге қол жеткізген бірқатар оқушылар аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Бұл марапат олардың еңбегіне көрсетілген құрмет әрі болашақ жетістіктеріне берілген сенім ретінде бағаланды.

Сонымен қатар аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов сөз сөйлеп, жастарға ізгі тілегін жеткізді. Ол қазіргі жастардың білім мен ғылымға ұмтылып, ел дамуына үлес қосуға дайын болуы маңызды екенін атап өтті.

Кездесу соңында аудан әкімі Жандос Еркінбек түлектерге ақжарма тілегін білдіріп, олардың әрқайсысының болашақта ел игілігі жолында еңбек ететініне сенім білдірді.

– Қай салада жүрсеңіздер де, ең бастысы – туған жерге, елге пайдалы азамат болу. Қазіргі заман – білім мен еңбектің, ізденіс пен жаңашылдықтың заманы. Сондықтан ешқашан оқудан, үйренуден және өздеріңізді жетілдіруден жалықпаңыздар. Сіздер – ауданымыздың ғана емес, еліміздің болашағысыздар. Ертеңгі күні елдің дамуына үлес қосатын дәрігер де, мұғалім де, инженер де, кәсіпкер де, ғалым да өз араларыңыздан шығатынына сенемін. Қай жерде жүрсеңіздер де туған жерге деген сүйіспеншілік пен жанашырлық қасиеттеріңіз жоғалмасын, – деді аудан басшысы.

Тағылымды кездесу жастардың белсенді сұхбатымен ерекшеленіп, түлектерге жаңа серпін мен мотивация сыйлаған мазмұнды басқосуға айналды.

Advertisements