Жемқорлықпен күрес – қоғамның ортақ міндеті

83

Бүгінгі жаһандану дәуірінде кез келген елдің тұрақтылығы басқару жүйесінің ашықтығы мен халықтың билікке деген сеніміне тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттің ілгерілеуіне тұсау болатын ең қауіпті кеселдің бірі – сыбайлас жемқорлық. Бұл дерт тек экономикалық өрлеуді тежеп қоймайды, сонымен бірге қоғамдағы әділеттілік орнату қағидаларына да үлкен нұқсан келтіреді. Олай болса, жемқорлыққа қарсы тұру — тек құзырлы органдардың ғана емес, әрбір азаматтың қасиетті парызы.

Негізінде, сыбайлас жемқорлық дегеніміз — лауазымды тұлғалардың өз өкілеттігін жеке басының мүддесіне пайдалануы. Мұндай заңсыздықтардың салдары өте ауыр: ол халықтың заң үстемдігіне деген сенімін жояды, мемлекет қаржысының талан-таражға түсуіне әкеледі және елдің инвестициялық тартымдылығын төмендетеді. Бұған қоса, өскелең ұрпақтың бойындағы адамгершілік құндылықтардың құлдырауына соқтыратын әлеуметтік дағдарыс тудырады.

Қазіргі уақытта елімізде осы қауіптің тамырына балта шабу мақсатында кешенді жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, мемлекеттік қызмет түрлерінің электронды форматқа көшуі, бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау және мемлекеттік сатып алулардың жариялы түрде өтуі — осы күрестің айқын нәтижесі. Алайда, тек технологиялық жетістіктермен ғана шектеліп қалмай, халық арасында адалдық қасиеттерін сіңіру және құқықтық мәдениетті көтеру — бұл бағыттағы ең басты стратегиялық қадам болып қала бермек.

Бұл ретте қоғамдық бақылау тетіктерінің маңызы зор. Бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігі мен азаматтардың бейжай қарамау ұстанымы билік органдарының халық алдында есеп беру жауапкершілігін еселей түседі.

Жемқорлықпен күрес — бір күндік науқан емес, үздіксіз жүретін процесс. Бұл жолдағы жеңіс әрбір адамның ішкі мәдениеті мен жеке жауапкершілігіне байланысты. Тек тазалық пен әділдікті ту еткен қоғам ғана жарқын болашаққа нық қадам баса алады.

 

Ұ.Мұхамбетқызы,

Қызылорда облыстық халық шығармашылығын

дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы

 

Advertisements