Қазалы ауданындағы инфрақұрылымдық жобалар қарқыны сараланды

70

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеумбетов және ел ағаларымен бірге Қазалы ауданына жұмыс сапарымен барып, Жанкент ауылының тұрғындарымен кездесті. Сондай-ақ ауданның қоғамдық-саяси белсенділері, зиялы қауым өкілдері мен мекеме басшыларының қатысуымен «Руханият орталығында» аудан активінің жиыны өткізілді.

Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар және алдағы кезеңге арналған басым міндеттер кеңінен талқыланды. Аймақ басшысы соңғы жылдары Қазалы ауданында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асқанын атап өтіп, өңірдің даму қарқынын одан әрі күшейту қажеттігін айтты.

Кездесу барысында инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын әртараптандыру, су үнемдеу технологияларын енгізу, құрылыс сапасын арттыру және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Облыс әкімі аудан әкімдігіне жаңа өндірістік жобаларды көбейтіп, кәсіпкерлікті дамыту арқылы тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.

Мемлекет басшысының су ресурстарын тиімді пайдалану жөніндегі тапсырмасына сәйкес, ауданда су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізудің маңыздылығы айтылды. Бұл бағытта ауыл шаруашылығы құрылымдарына қажетті қолдау көрсетіліп, су тапшылығы жағдайында тиімді тәсілдерді қолдану міндеті қойылды.

Құрылыс саласындағы жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. Соңғы төрт жыл ішінде Қазалы ауданында 280 пәтер пайдалануға беріліп, көптеген отбасының баспана мәселесі шешімін тапты. Осыған байланысты облыс әкімі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар құрылысының сапасын күшейтіп, барлық жобалардың белгіленген мерзімде аяқталуын қатаң бақылауды тапсырды.

Жиында ауданды газдандыру мәселесі де кеңінен қаралды. Қазіргі таңда Қазалы ауданындағы газдандыру деңгейі 75 пайызға жеткен. Биыл республикалық бюджеттен бөлінген 680 миллион теңге есебінен Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Түктібаев ауылдарын газдандыру жұмыстары басталды. Сонымен қатар құжаттары дайын алты елді мекенді табиғи газға қосу жобаларын салалық министрліктермен бірлесіп үйлестіру міндеті жүктелді.

Аудандағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі саналатын «Қарлаң» көпірінің құрылысы да бақылауға алынды. Жобаға өткен жылы 6,3 миллиард теңге, ал биыл облыстық бюджеттен қосымша 2,2 миллиард теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Аймақ басшысы жауапты мекемелерге құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.

Жұмыс сапары аясында облыс әкімі ауданның белсенді жастарымен де кездесті. «Руханият орталығында» өткен басқосуда жастар өздерінің жобалары мен бастамаларын таныстырып, өңірді дамытуға қатысты ұсыныстарын жеткізді. Мұрат Нәлқожаұлы жастардың тың идеялары мен бастамаларына қолдау көрсетілетінін айтып, білімді әрі белсенді жас буынның ауданның болашақ дамуына қосар үлесі зор екенін атап өтті.

Кездесу қорытындысында өңір басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған барлық жобалардың сапалы әрі уақытылы орындалуы тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.

Advertisements