«Қарлаң» көпірінің құрылысы кезең-кезеңімен жүргізілуде

52

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеумбетов және ел ағалары Қазалы ауданына жұмыс сапары барысында өңір үшін маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі саналатын «Қарлаң» көпірінің құрылыс алаңында болды. Аймақ басшысы құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, жауапты сала жетекшілері мен мердігер мекеме өкілдерінің есебін тыңдады.

Сырдария өзені арқылы өтетін темір-бетон көпір «Қазалы–Қожабақы–Бозкөл–Кәукей» автомобиль жолының 16-шақырымындағы Қарлаң учаскесінде салынуда. Аталған жоба ауданның көлік инфрақұрылымын дамытуға, елді мекендер арасындағы қатынасты жақсартуға және тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қатынасын қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен жүргізілуде. Нысанның бас мердігері – «Нұрлы-Тау ЛТД» серіктестігі. Ұзындығы 248,29 метр болатын көпірдің құрылысына 6,3 миллиард теңге қаржы бөлінген. Мамандардың айтуынша, нысан толық аяқталғаннан кейін ауданаралық көлік қозғалысының тиімділігі артып, шалғай елді мекендер арасындағы байланыс едәуір жақсарады.

default

Жоба іске асқан соң тұрғындардың аудан орталығына қатынауы жеңілдеп, әлеуметтік және экономикалық байланыстардың дамуына жаңа мүмкіндік ашылады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау, кәсіпкерлік қызметті дамыту және логистикалық әлеуетті күшейту бағытында да оң нәтижелер күтілуде.

Құрылыс алаңын аралау барысында облыс әкімі нысан сапасына ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Аймақ басшысы барлық жұмыстардың құрылыс талаптарына толық сәйкес орындалуын және белгіленген мерзімде аяқталуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

– Бұл көпір аудан тұрғындары үшін ғана емес, өңірдің көлік қатынасы жүйесі үшін де маңызды стратегиялық нысан. Сондықтан құрылыс сапасы мен мерзімі басты назарда болуы тиіс. Барлық жұмыстарды талапқа сай жүргізіп, нысанды уақытылы пайдалануға беру қажет, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Жұмыс сапары барысында жауапты сала мамандары көпір құрылысының қазіргі кезеңі, пайдаланылып жатқан құрылыс материалдарының сапасы және алдағы жоспарлар туралы баяндады. Аймақ басшысы көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріп, жобаның орындалу барысын тұрақты бақылауда ұстайтынын жеткізді.

«Қарлаң» көпірі пайдалануға берілгеннен кейін өңірдегі жол-көлік инфрақұрылымының сапасы жақсарып, тұрғындардың өмір сүру қолайлылығын арттыруға және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді деп күтілуде.

Advertisements