Шижағада денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеумбетов және ел ағалары Арал ауданына қарасты Шижаға елді мекенінде салынған денешынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Ауыл тұрғындары үшін маңызды нысанның пайдалануға берілуі өңірдегі бұқаралық спортты дамытуға және жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған жұмыстардың нақты нәтижесі болды.
Соңғы жылдары Қызылорда облысында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде 2022-2026 жылдар аралығында өңірде 200-ден астам әлеуметтік нысан бой көтерсе, оның 25-і спорт саласына арналған кешендер мен ғимараттар. Бұл жұмыстар тұрғындардың өмір сапасын арттырумен қатар, ауылдық жерлердегі жастардың спортпен тұрақты айналысуына кең мүмкіндік ашуда.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Мемлекет басшысының ауылдық аумақтарды дамыту және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі тапсырмалары жүйелі түрде орындалып жатқанын атап өтті.
– Президентіміз Үкімет пен облыс әкімдеріне мемлекет қолдауын тиімді пайдаланып, ауыл тұрғындарының табысын арттыру, өмір сүру сапасын жақсарту міндетін жүктеді. Бүгінде Арал ауданында әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Күні кеше Аманөткел ауылында жаңа мәдениет үйін пайдалануға бердік. Бүгін Сексеуіл кентінде «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясының демеушілігімен салынатын «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебінің» іргетасын қаладық. Алдағы уақытта Абай ауылын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары да жүзеге асады. Осындай игі бастамалардың жалғасы ретінде бүгін Шижаға ауылындағы жаңа спорт кешенін ел игілігіне табыстап отырмыз. Бұл нысан ауыл жастарының денсаулығын нығайтып, болашақ чемпиондардың тәрбиеленуіне жол ашады деп сенемін, – деді аймақ басшысы.
Жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешені «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған. Заманауи талаптарға сай жабдықталған нысанда ауыл тұрғындарының спортпен тұрақты шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Мұнда түрлі спорт түрлерінен жаттығулар өткізіліп, жасөспірімдер мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік бар.
Салтанатты шара барысында қоғам қайраткері Айтбай Көшербай сөз сөйлеп, ауыл халқын қуанышпен құттықтады. Сонымен қатар Аққұм ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытжан Сматуллаев ақ батасын беріп, жаңа нысанның берекелі орынға айналуына тілектестік білдірді.
Іс-шара аясында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар мен спорт кешенінің құрылысын сапалы жүргізген мердігер мекеме өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Айта кету керек, өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда. Өткен жылы Мемлекет басшысының қолдауымен Қызылорда қаласында 11 мың орындық жаңа стадион, заманауи теннис орталығы және инклюзивті спорт кешені пайдалануға берілді. Сондай-ақ «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен Шиелі және Жалағаш аудандарында спорт кешендері ашылды.
Бұдан бөлек, жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен облыс бойынша 80 спорт және ойын алаңы салынып, балалар мен жастардың игілігіне берілді. Қазіргі таңда облыс орталығында халықаралық талаптарға сай «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешені мен «Қайсар» футбол клубының академиясының құрылысы жүргізілуде.
Жаңа спорт нысандарының ашылуы өңірдегі бұқаралық спортты дамытуға, жастардың денсаулығын нығайтуға және ел спортының жаңа жетістіктерге жетуіне берік негіз қалыптастырады.






