Әйтеке би кентіндегі инфрақұрылымдық жобалар мен абаттандыру жұмыстары бақылауға алынды

Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Әйтеке би кентіндегі бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Жұмыс сапары барысында аудан басшысы кент аумағында салынып жатқан жаңа ойын және спорт алаңдарын, жол жөндеу нысандарын, сондай-ақ тұрғындардың сұранысы негізінде жүзеге асырылып жатқан коммуналдық жобаларды көріп, жауапты сала мамандары мен мердігер мекемелердің өкілдеріне нақты тапсырмалар берді.
Алдымен аудан әкімі Р.Сабырбаев көшесінде жүргізілетін ағымдағы жол жөндеу жұмыстарының дайындық барысын қарап шықты. Мердігер мекеме өкілдерімен кездескен аудан басшысы жол құрылысы кезінде сапа талаптарының қатаң сақталуы қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар салаға жауапты аудан әкімінің орынбасарына жұмыстардың уақытылы әрі талапқа сай орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Жалпы биыл аудан орталығы – Әйтеке би кентінде жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар жоспарланған. Атап айтқанда, С.Сейфуллин, Біржан сал, Жалаңтөс батыр, Ж.Аймауытов, М.Шоқай және С.Сүлейменов көшелерінде асфальт жамылғысын жаңарту және ағымдағы жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Бұл өз кезегінде көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, тұрғындардың күнделікті қатынауына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Сапар барысында аудан әкімі бұған дейін көтерілген мәселелердің орындалу барысын да назардан тыс қалдырмады. Еске сала кетсек, бұған дейін аудан басшысы кенттегі спорт алаңдарының жағдайымен танысып, жаңа нысандар салу және тозығы жеткен алаңдарды жаңғырту жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Соған сәйкес қазіргі таңда Әйтеке би кентінде екі жаңа спорт алаңының құрылысы басталып, тағы екі спорт алаңында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Аудан басшысы жаңадан бой көтеріп жатқан тұрғын үй аймақтарындағы А.Әсербаев пен Ж.Құдабаев көшелерінің қиылысында салынып жатқан жаңа спорт алаңының құрылысымен танысты. Сондай-ақ Михайлюк көшесі бойындағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан спорт алаңын аралап көрді. Нысандарды аралау барысында мердігерлерге құрылыс сапасын басты назарда ұстап, барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау қажеттігін қатаң ескертті.
Аудан әкімі балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтіп, жаңа ойын және спорт алаңдарын 1 маусымға дейін толық аяқтап, пайдалануға беру қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөліп, жаңадан салынатын алаңдарды бейнебақылау камераларымен жабдықтау және түнгі уақытта жарықтандыру жүйелерін орнату жөнінде кент әкіміне нақты тапсырмалар жүктеді.
Жұмыс сапары аясында аудан басшысы Әйтеке би кентіндегі Желтоқсан және В.Счастнов көшелерінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлер аулаларында салынып жатқан қоғамдық әжетханалардың құрылысымен де танысты. Бұл жұмыстар тұрғындардың көптен бері көтеріп жүрген мәселелерінің шешімін табуына бағытталған.
Айта кету керек, бұған дейін аталған көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары аудан әкімінің қабылдауларында және кездесулерінде бірқатар өзекті мәселелерді көтерген болатын. Атап айтқанда, тұрғын үйлердің қасбеттерін жөндеу, шатырларын ауыстыру, қоқыс контейнерлерін орнату, кәріз суын төгетін арнайы орындар салу және қоғамдық әжетханалар тұрғызу қажеттігі туралы ұсыныстар айтылған еді. Бүгінде осы мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып, тиісті жұмыстар жүзеге асырылуда.
Аудан басшысы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған барлық жобалар мен бастамалар тұрақты бақылауда болатынын атап өтті. Сондай-ақ мердігер мекемелерге әрбір нысанның сапалы әрі уақытылы аяқталуы тұрғындардың әл-ауқатына тікелей әсер ететінін ескертіп, жауапкершілікті күшейтуді тапсырды.
Жалпы аудан көлемінде жүргізіліп жатқан абаттандыру, жол жөндеу және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары елді мекендердің келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.







