Инклюзивті саясат, абаттандыру және санитарлық қауіпсіздік мәселелері талқыланды

Бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен аудан әкімдігінің мәжіліс залында кезекті аппараттық жиын өтті. Жиын барысында ауданның әлеуметтік саласын дамытуға, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар маңызды мәселелер қаралды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – инклюзивті саясатты іске асыру және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға көрсетілетін қолдау шаралары болды. Бұл бағыттағы жұмыстардың жай-күйі талқыланып, алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалды.
Жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Жандос Еркінбек инклюзивті қоғам қалыптастыру мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
– Инклюзивті саясатты іске асыру – ауданымыз үшін де, жалпы қоғам үшін де аса маңызды әрі өзекті мәселелердің бірі. Әрбір азамат – қоғамымыздың толыққанды мүшесі. Сондықтан олардың құқықтары қорғалып, қажеттіліктері толық қамтамасыз етілуі тиіс. Біздің басты міндетіміз – ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолайлы жағдай жасап, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік беретін кедергісіз орта қалыптастыру, – деді аудан басшысы.
Жиын барысында ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған «Инватакси» қызметінің жұмысы да кеңінен қаралды. Бүгінде бұл қызмет аудан тұрғындарының сұранысына сай тұрақты түрде көрсетілуде. Биыл аталған бағытқа жергілікті бюджеттен қажетті қаржы бөлініп, қазіргі таңда 7 арнайы автокөлік қызмет көрсетіп келеді. Аудан әкімі бұл қызметтің сапасы әрдайым бақылауда болуы тиіс екенін айтып, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қызмет сапасын арттыру, туындауы мүмкін мәселелердің алдын алу және жұмысты жүйелі ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе аудан аумағындағы санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарының барысына арналды. Аудан басшысы елді мекендердің тазалығы мен көркейтілуі тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететінін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстардың тұрақты бақылауда екенін жеткізді.
– Тазалық – ортақ іс. Елді мекендердің көркеюі мен тазалығы тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, барша тұрғындардың жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан тазалық пен абаттандыру жұмыстарын сапалы ұйымдастырып, оған қоғамның барлық өкілдерін тарту маңызды, – деді Жандос Еркінбек.
Сонымен қатар жиында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу мәселесі де қаралды. Жауапты сала басшылары тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат беріліп, аурудың таралуына жол бермеу бағытындағы профилактикалық шаралар талқыланды. Әсіресе залалсыздандыру жұмыстарын уақытылы жүргізу, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту және эпидемиологиялық ахуалды тұрақты бақылауда ұстау қажеттігі айтылды.
Жиын қорытындысында аудан әкімі қаралған барлық мәселелер бойынша жауапты бөлімдер мен мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстардың тиімділігі мен сапасына ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
Аудан көлемінде қолға алынған әлеуметтік қолдау, санитарлық қауіпсіздік және абаттандыру шаралары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасып, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар өз жалғасын табады.







