Ауданда инклюзивті саясатты іске асыру және өзекті мәселелер бойынша мәжіліс өтті

35

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Үкімет отырысынан кейін инклюзивті саясатты іске асыру шаралары, көктемгі әскерге шақыру науқанының барысы және өңірдегі өзге де өзекті мәселелерге арналған мәжіліс өтті. Мәжіліске аудан әкімі Алмасбек Есмаханов селекторлық байланыс арқылы қатысып, облыс басшысы жүктеген міндеттер мен тапсырмаларды назарға алды.

Облыстық мәжілістен кейін аудан әкімі арнайы жиын өткізіп, күн тәртібінде қаралған мәселелерді жан-жақты талқылады. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері мен жауапты мекеме жетекшілері қатысты.

Жиын барысында аудан басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде 2025–2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы қабылданғанын атап өтті. Бұл құжат ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың құқықтарын қорғауға, олардың қоғам өміріне толыққанды қатысуына жағдай жасауға және әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды стратегиялық құжат екенін жеткізді.

Бүгінде ауданда мүгедектігі бар 3383 азамат тіркелген. Осыған байланысты аудан әкімі ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың өмір сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Атап айтқанда, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, мемлекеттік қызметтерді алу кезінде қолайлы жағдай жасау, қоғамдық нысандарды бейімдеу, білім беру ұйымдарында инклюзивті ортаны дамыту және кедергісіз инфрақұрылым қалыптастыру мәселелеріне баса назар аудару қажеттігін айтты.

Сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың инклюзивті білім алу мүмкіндігін кеңейту, олардың жұмыспен қамтылуын қолдау, тұрғын үй мәселелерін кезең-кезеңімен шешу, мәдени-көпшілік және спорттық іс-шараларға белсенді қатысуына жағдай жасау бағытында нақты тапсырмалар берілді. Жауапты мекеме басшыларына әрбір азаматтың мәселесіне жеке көңіл бөліп, қолдау шараларының тиімділігін арттыру міндеттелді.

Мәжілісте көктемгі әскерге шақыру науқанының ұйымдастырылу барысы да жан-жақты қаралды. Аудан басшысы қазіргі таңда белгіленген жоспардың орындалу деңгейі көңіл көншітпейтінін атап өтті. Кейбір ауылдық округтерде бұл бағыттағы жұмыстардың тиісті деңгейде жүргізілмегені сынға алынып, жауапты тұлғаларға нақты ескертулер жасалды.

Әскерге шақыру науқанын сапалы ұйымдастыру мақсатында жастарды дер кезінде хабардар ету, медициналық тексерулерден өткізуді жеделдету және қорғаныс істері жөніндегі бөліммен бірлескен жұмысты күшейту тапсырылды. Сонымен қатар әрбір ауылдық округ әкімінен белгіленген жоспардың орындалуы бойынша нақты нәтиже талап етілетіні ескертілді.

Жиын барысында ауданның санитарлық тазалығы мен абаттандыру мәселелері де кеңінен талқыланды. Аудан орталығы мен елді мекендерде жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстарының барысына талдау жасалып, бірқатар кемшіліктер анықталғаны айтылды. Әсіресе қоғамдық орындардағы тазалықты сақтау, көшелер мен саябақтарды күтіп ұстау, рұқсатсыз қоқыс үйінділерінің алдын алу және көгалдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу мәселелеріне назар аударылды.

Аудан әкімі жауапты сала басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне санитарлық тазалық жұмыстарын күшейтіп, анықталған кемшіліктерді қысқа мерзім ішінде жоюды тапсырды. Сонымен қатар елді мекендердің көркеюі мен тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың тұрақты жалғасуы қажеттігін атап өтті.

Жиын қорытындысында аудан басшысы күн тәртібінде көтерілген барлық мәселелердің маңыздылығына тоқталып, әрбір тапсырманың сапалы әрі мерзімінде орындалуы қатаң бақылауда болатынын жеткізді. Сонымен қатар жауапты тұлғаларға жүктелген міндеттерді уақытылы орындап, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.

Ауданда инклюзивті саясатты дамыту, әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру, жастарды әскери қызметке даярлау және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.

Advertisements