Әскерге шақыру науқанының барысы талқыланды

Бүгін аудан әкімінің орынбасары, аудандық әскерге шақыру комиссиясының төрағасы Дәурен Тілеумбетовтың төрағалығымен көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқанының орындалу барысына арналған мәжіліс өтті. Жиынға қала, кент және ауылдық округ әкімдері, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің, полиция бөлімінің және тиісті мекемелердің жауапты өкілдері қатысты.
Мәжілісте көктемгі әскерге шақыру науқанының қазіргі жай-күйі жан-жақты сараланып, жоспарлы көрсеткіштердің орындалу деңгейі талқыланды. Сонымен қатар әскерге шақыру жұмыстары барысында туындап отырған өзекті мәселелер қаралып, оларды шешу бағытында нақты тапсырмалар берілді.
Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары жастарды Отан алдындағы борышын өтеуге шақыру – мемлекеттік маңызы бар міндеттердің бірі екенін атап өтті. Осыған байланысты барлық жауапты мекемелер мен жергілікті атқарушы органдардың өзара үйлесімді жұмыс істеуі қажеттігі айтылды.
Мәжіліс қорытындысында қала, кент және ауылдық округ әкімдеріне аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөліммен және аудандық полиция бөлімімен бірлесіп жұмыс жүргізу тапсырылды. Әсіресе әскерге шақырылушылардың шақыру пунктіне уақытылы келуін қамтамасыз ету, олармен түсіндіру жұмыстарын күшейту және белгіленген жоспардың орындалуына ерекше көңіл бөлу міндеттелді.
Бүгінгі күнге дейін шақырылуға жататын 367 азаматтың 70-і шақыру пунктіне келіп, медициналық комиссиядан өткен. Нәтижесінде олардың денсаулық жағдайы тексеріліп, әскери қызметке жарамдылығы анықталуда.
Сонымен қатар облыстық жиын пунктіне 17 азамат жөнелтіліп, олардың барлығы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері мен өзге де әскери құрылымдардың қатарына қабылданды. Оның ішінде 5 азамат Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне, 1 азамат Мемлекеттік күзет қызметіне және 11 азамат Қарулы Күштердің әскери бөлімдеріне жіберілді.
Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім тарапынан әскерге шақыру жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында 367 азаматқа қолма-қол шақыру қағазы таратылып, қосымша 342 азаматқа «1414» сервисі арқылы SMS хабарламалар жолданған. Бұл жұмыстар азаматтарды дер кезінде хабардар ету және шақыру науқанын тиімді ұйымдастыруға бағытталған.
Сонымен бірге шақырудан жалтарып жүрген немесе тұрғылықты мекенжайында анықталмаған азаматтарды іздестіру мақсатында аудандық полиция бөліміне 43 азаматтың тізімі жолданған. Нәтижесінде олардың 5-еуі анықталып, шақыру пунктіне жеткізілді.
Әскерге шақыру заңнамасының талаптарын орындамаған азаматтарға қатысты әкімшілік шаралар да қолданылуда. Атап айтқанда, аудандық полиция бөлімі тарапынан Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 493-бабына сәйкес 12 әкімшілік хаттама толтырылса, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөліммен Кодекстің 647-бабы бойынша 23 хаттама рәсімделген. Осылайша бүгінгі күнге дейін жалпы саны 35 әкімшілік хаттама толтырылған.
Жиын соңында Дәурен Тілеумбетов жауапты мекеме басшыларына көктемгі әскерге шақыру науқанын сапалы әрі мерзімінде аяқтау бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ белгіленген жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін түсіндіру жұмыстарын жандандырып, шақырылушылардың әскери комиссариатқа келуін қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттер жүктеді.
Аудан бойынша көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны тұрақты бақылауда тұр және жоспарлы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.







