«LCI-MK» ЖШС Қазалы филиалы – құрылыс индустриясының жетекші кәсіпорны

«LCI-MK» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Қазалы филиалы 1982–1984 жылдары салынып, пайдалануға берілген. Бүгінде кәсіпорын Қызылорда облысындағы құрылыс индустриясының алдыңғы қатарлы өндірістік нысандарының бірі саналады. Негізгі бағыты – темір-бетон бұйымдарын (ЖБИ) және әртүрлі құрылыс конструкцияларын өндіру.
Кәсіпорынның өндірістік базасы 4,3 гектар аумақты қамтиды. Бұл аумақта жалпы ауданы 5800 шаршы метрден асатын заманауи өндірістік цехтар орналасқан. Өндіріс инфрақұрылымы толықтай технологиялық талаптарға сай жабдықталып, үздіксіз жұмыс істеуге бейімделген.
Айта кету қажет, аталған филиал бұрын «МО-1» ЖШС құрамында жұмыс істеген. Уақыт өте келе өндірістік құрылым жаңартылып, кәсіпорын дербес өндірістік әлеуеті бар ірі құрылыс индустриясы нысанына айналды.
Зауыттың жылдық өндірістік қуаттылығы 10 000 шаршы метрге дейін темір-бетон бұйымдары мен құрылыс конструкцияларын шығаруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда кәсіпорында орта есеппен 77 қызметкер тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және өңір экономикасын дамытуға оң әсерін тигізуде.
Кәсіпорында өндірілетін темір-бетон бұйымдары қолданыстағы мемлекеттік стандарттар мен техникалық талаптарға толық сәйкес келеді. Өнімдер тапсырыс берушінің сұранысына қарай әртүрлі көлемде және күрделілік деңгейінде дайындалады. Бұл кәсіпорынның икемді өндірістік жүйесін және тұтынушы талабына бейімделу қабілетін көрсетеді.
2010 жылдан бастап зауыт «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі құрылысына қажетті темір-бетон өнімдерін өндіруге бейімделіп, өндірістік қуатын айтарлықтай кеңейтті. Осы кезеңде қосымша өндірістік нысандар салынып, заманауи технологиялық желілер енгізілді.
Соның нәтижесінде көпір құрылысына арналған жоғары сапалы темір-бетон балкаларын өндіру жолға қойылды. Бұл өнімдер ірі инфрақұрылымдық жобаларда кеңінен қолданылып, кәсіпорынның өндірістік беделін арттыра түсті.
Бүгінде «LCI-MK» ЖШС Қазалы филиалы заманауи өндірістік технологияларды тиімді пайдалана отырып, өңірдің құрылыс саласын сапалы өніммен қамтамасыз етіп келеді. Кәсіпорынның тұрақты дамуы Қазалы ауданы мен жалпы облыстың әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне елеулі үлес қосуда.







