Экономика салаларына жасанды интеллект енгізу мәселелері талқыланды

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжілісте өңір экономикасының түрлі салаларына жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселесі қаралды. Аталған жиынға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов селекторлық режим арқылы қатысып, сала бойынша атқарылатын жұмыстарды назарға алды.
Облыстық деңгейдегі мәжілістен кейін аудан әкімі арнайы жиын өткізіп, күн тәртібінде қаралған мәселелер мен өзге де өзекті бағыттар бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Жиында алдымен аймақ басшысының тапсырмаларына сәйкес экономика салаларына жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселесі кеңінен талқыланды. Аудан әкімі цифрландыру және заманауи технологияларды пайдалану – қазіргі заман талабы екенін атап өтіп, бұл бағытта жүйелі жұмыстарды күшейту қажеттігін жеткізді.
Осыған байланысты инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде цифрлық шешімдерді енгізу, өндірістік процестерді автоматтандыру және ауыл шаруашылығы саласында жаңа технологияларды кеңінен қолдану бағытында нақты міндеттер жүктелді. Жауапты сала басшыларына әрбір жобаны цифрлық трансформация талаптарына сәйкестендіру және тиімділігін арттыру тапсырылды.
Мәжілісте аудан бюджетінің орындалу барысы да қаралды. Аудан әкімі бірқатар бөлімдер мен ауылдық округтерде бюджет қаражатын игеру деңгейінің төмен екенін сынға алып, бұл бағыттағы жұмысты жеделдету қажеттігін қатаң ескертті. Бюджет қаржысын уақытылы әрі тиімді игеру – жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеттерінің бірі екені айтылды.
Сонымен қатар жергілікті бюджет түсімдерін арттыру, кәсіпкерлік нысандардың қызметіне талдау жүргізу, кіріс көздерін ұлғайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігі көтерілді. Осы орайда «Туған жерге тағзым» акциясын тиімді ұйымдастыру, өңірге инвестиция тарту және меценаттармен жұмысты жандандыру бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді.
Күн тәртібінде көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқанының орындалу барысы да талқыланды. Аудан басшысы жоспар көрсеткіштерінің төмен деңгейде орындалып отырғанын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту қажеттігін ескертті. Әскерге шақыру науқанына жауапты орынбасарға және кент, қала, ауылдық округ әкімдеріне бірлесіп жұмыс жүргізу, түсіндіру шараларын күшейту және жоспарлы көрсеткіштерді толық орындау міндеттелді.
Мәжіліс барысында ауданның санитарлық тазалығы мен абаттандыру жұмыстары да назардан тыс қалмады. Аудан әкімі елді мекендердегі тазалық деңгейін сынға алып, анықталған кемшіліктерді қысқа мерзім ішінде жоюды тапсырды. Сонымен қатар алдағы күндері «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында өтетін сенбілік жұмыстарына барлық мекемелердің белсенді қатысуы қажет екені айтылды.
Жиын қорытындысында аудан әкімі көтерілген барлық бағыттар бойынша берілген тапсырмалардың орындалуын қатаң бақылауда ұстайтынын атап өтіп, жауапты сала басшыларына жұмысты жүйелі түрде жүргізуді жүктеді.







