Жосалы кентіндегі әлеуметтік нысандардың санитарлық тазалығы бақылауға алынды

14

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында еліміздің барлық өңірлерінде санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бастама қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығы мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды қоғамдық қозғалысқа айналды.

Аталған акция аясында Қармақшы ауданында да тазалық жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Әр апта сайын өткізілетін сенбіліктер мен күнделікті санитарлық тазалық шараларына мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар, еріктілер мен тұрғындар белсенді қатысып, ауданның көркеюіне өз үлестерін қосуда.

Көктем мезгілінің келуімен елді мекендердің санитарлық жағдайына қойылатын талаптар күшейіп, мекемелердің сыртқы келбеті мен аумақтарының тазалығын сақтау мәселесі ерекше бақылауға алынған. Осыған орай бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбек пен аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов Жосалы кентіндегі бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралап, санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстарының жай-күйімен танысты.

Аралау барысында аудан басшылығы Д.Мырзағалиева және Меңей Батыр көшелерінде орналасқан су ұңғымаларының жағдайын тексерді. Су көздерінің техникалық жай-күйі, қоршаған аумақтың тазалығы және санитарлық талаптарға сәйкестігі назарға алынып, жауапты мекемелерге тиісті тапсырмалар берілді.

Сонымен қатар аудан әкімі бірқатар мекемелердің аумақтарын аралап, олардың санитарлық жағдайын бағалады. Атап айтқанда, аудандық ветеринариялық станция, Қармақшы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі, аудандық статистика бөлімі, пошта байланыс торабы, «Qazaq Gaz Aimaq» газ шаруашылығы мекемесі, «Сыр суы» филиалының өндірістік бөлімшелері және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының аудандық бөлімінде жүргізіліп жатқан тазалық және көркейту жұмыстары бақылауға алынды.

Нысандарды аралау кезінде ғимараттардың сыртқы келбеті, қоршаулардың жағдайы, жасыл желектердің күтімі, аумақтардың тазалығы мен абаттандыру жұмыстарының сапасына ерекше назар аударылды. Кейбір нысандар бойынша анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Аудан әкімі Жандос Еркінбек тазалық пен тәртіп әр мекеменің күнделікті жұмыс мәдениетінің ажырамас бөлігі болуы тиіс екенін атап өтті.

– Тазалық – мәдениетті қоғамның көрсеткіші. Әрбір мекеме өз аумағын ұқыпты ұстап, абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуі қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар бір реттік шарамен шектелмеуі тиіс. Санитарлық тазалық пен көркейту жұмыстары тұрақты бақылауда болады, – деді аудан басшысы.

Сондай-ақ мекеме басшыларына аумақтарды көгалдандыру, ағаш көшеттерін күтіп-баптау, ғимараттардың сыртқы келбетін ретке келтіру және санитарлық талаптарды сақтау жөнінде нақты міндеттер жүктелді.

Жалпы «Таза Қазақстан» акциясы аясында аудан көлемінде қолға алынған жұмыстар қоршаған ортаның тазалығын сақтауға, елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсартуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Осыған байланысты аудан тұрғындарын туған жердің тазалығына бейжай қарамай, қоршаған ортаны таза ұстауға және ортақ іске белсенді атсалысуға шақырамыз. Өйткені таза орта – денсаулықтың кепілі, ал көрікті мекен – баршамыздың ортақ мақтанышымыз. Туған жеріміздің көркеюі мен тазалығы әр азаматтың жауапкершілігінен басталады.

Advertisements