Қазалы теміржол вокзалы аумағын абаттандыру жұмыстары бақылауға алынды

Өткен жылы аудан орталығындағы 120 жылдық тарихы бар Қазалы теміржол вокзалына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тарихи ғимарат толықтай жаңғыртылған болатын. Бүгінде вокзал ғимаратындағы жөндеу жұмыстары аяқталып, нысан жуық арада тұрғындар игілігіне пайдалануға берілмек.
Сонымен қатар вокзал аумағында абаттандыру және көркейту-көгалдандыру жұмыстары да қатар жүргізілді. Атап айтқанда, жаяу жүргіншілер жолдары жаңартылып, заманауи талапқа сай қоршаулар орнатылды. Автобус аялдамалары ретке келтіріліп, аумақтың жалпы келбеті жаңартылды.
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов тиісті сала басшыларымен бірге теміржол вокзалы аумағындағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып, құрылыс сапасын бақылады.
Аудан басшысы вокзалдың тек көлік қатынасы нысаны ғана емес, сонымен қатар ауданның айнасы, өңірдің келбетін айқындайтын маңызды орын екенін атап өтіп, мұнда тазалық пен тәртіпті сақтау, абаттандыру жұмыстарының сапасын арттыру ерекше маңызға ие екенін айтты.
Осыған байланысты жоспарланған жұмыстарды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Перрон бойындағы кәсіпкерлік нысандардың сыртқы келбетін біріздендіру, оларды талапқа сай ретке келтіру және анықталған кемшіліктерді жедел жою мәселелері де назарға алынды.
Сонымен қатар аудан әкімі вокзал маңындағы Оқушылар үйі аумағын аралап көріп, жасыл желектерді көбейту, ретсіз өскен шөптерді шабу, қоршаулар мен орындықтарды сырлау жұмыстарын жүйелеу қажеттігін атап өтті. Бұл бағытта Әйтеке би кенті әкімдігі, Оқушылар үйі және теміржол мекемелері бірлесіп жұмыс жүргізуі тиіс екені ескертілді.







