Қармақшыда жас сарбаздарды әскер қатарына салтанатты шығарып салу рәсімі өтті

15

Отан қорғау – әрбір азаматтың қасиетті парызы әрі үлкен жауапкершілігі. Елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында әскери қызметтің маңызы қашанда жоғары. Осыған орай бүгін Қармақшы ауданындағы «Руханият» орталығында көктемгі әскерге шақыру науқаны аясында жас сарбаздарды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарына салтанатты түрде шығарып салу рәсімі ұйымдастырылды.

Тағылымды шараға аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев, Қармақшы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Жандос Бекмұрзаев, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов, ауған соғысының ардагері Асқар Ерманов, сала мамандары, ардагерлер, жастар және әскерге шақырылушылардың ата-аналары қатысты.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев әскер қатарына аттанғалы отырған жастарға сәттілік тілеп, олардың алдағы қызметіне үлкен сенім білдірді.

– Әскери қызмет – ер азаматтың өміріндегі маңызды белестердің бірі. Бұл кезең жастарды тәртіпке, жауапкершілікке, төзімділік пен табандылыққа тәрбиелейді. Отанға адал қызмет ету, мемлекетіміздің қауіпсіздігін қорғау – үлкен мәртебе әрі қасиетті міндет. Сіздер осы жолда ерлік пен батылдықтың үлгісін көрсетіп, ел сенімін ақтайды деп сенеміз. Бүгін ата-аналарыңыз бен туған-туыстарыңыз сіздерді зор мақтанышпен шығарып салып отыр. Сол сенімді ақтап, әскери борыштарыңызды абыроймен атқарып, аман-есен елге оралуларыңызға тілектеспіз. Сапарларыңыз сәтті, қызметтеріңіз абыройлы болсын, – деді ол.

Шара барысында Қармақшы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Жандос Бекмұрзаев әскери қызметтің жас азаматтардың қалыптасуындағы маңызына тоқталып, әскер қатарында жинақталған тәжірибе олардың болашақ өміріне үлкен мектеп болатынын атап өтті.

Өз кезегінде аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов жастарды елін, жерін құрметтеуге, әскери антқа адал болуға шақырса, ауған соғысының ардагері Асқар Ерманов әскери өмірден алған тәжірибелерімен бөлісіп, жас сарбаздарға ақыл-кеңестерін айтты.

Ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері ел қорғау – ер азаматтың мәртебелі міндеті екенін атап өтіп, жастарға қайсарлық, батылдық және жауапкершілік тіледі. Сонымен қатар олар әскери қызметтің жас буынның патриоттық рухын нығайтып, азаматтық ұстанымын қалыптастырудағы рөлі ерекше екенін жеткізді.

Салтанатты шара барысында әскер қатарына аттанғалы отырған азаматтарға ерекше құрмет көрсетіліп, оларды тәрбиелеп өсірген ата-аналарға аудан әкімінің атынан «Алғыс хаттар» табысталды. Бұл – ұл тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, ел қорғайтын азамат тәрбиелеген ата-аналарға көрсетілген құрметтің белгісі болды.

Жиын барысында ақсақалдар мен ардагерлер жас сарбаздарға ақ батасын беріп, Отан алдындағы борыштарын абыроймен атқарып, елге аман-есен оралуларына тілектестік білдірді.

Шараның рухани мазмұнын арттыра түскен концерттік бағдарламада патриоттық әндер орындалып, аудан өнерпаздары Отанға деген сүйіспеншілікті дәріптейтін музыкалық шығармаларын ұсынды. Ән мен жырдан өрілген мерекелік бағдарлама қатысушыларға ерекше әсер сыйлап, жастардың патриоттық рухын көтере түсті.

Мұндай тағылымды іс-шаралар жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырып, ел алдындағы жауапкершілікті терең сезінуге ықпал етеді. Әскерге аттанған әрбір жас сарбаз – елдің қорғаны, тәуелсіздіктің тірегі. Сондықтан олардың Отан алдындағы қасиетті борышын абыроймен атқарып, туған жерге аман оралуы – барша жұртшылықтың ортақ тілегі.

Жастарды әскер қатарына салтанатты түрде шығарып салу рәсімі патриоттық рух пен ұлттық құндылықтарды дәріптеген маңызды шара ретінде көпшілік көңілінен шықты.

Advertisements