Ұлттық ғылым академиясының көшпелі отырысында өңірлік ғылым мен инновацияны дамыту мәселелері талқыланды

47

Бүгін Қызылорда қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының көшпелі отырысы өтті. Маңызды жиында Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған стратегиялық міндеттерді іске асыру, ғылым мен өндіріс байланысын күшейту, өңірлік ғылымды дамыту және инновациялық технологияларды енгізу мәселелері кеңінен талқыланды.

Атап айтқанда, экономиканың шикізаттық моделінен өнімді терең өңдеуге көшу, су ресурстарын ұтымды пайдалану, цифрлық технологияларды енгізу, агроөнеркәсіптік кешенді ғылыми тұрғыда дамыту және өңірлік ғылыми әлеуетті арттыру бағытындағы бастамаларға басымдық берілді.

Көшпелі отырысқа облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешов, Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, онлайн форматта Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, академия президиумының мүшелері, жоғары оқу орындарының ректорлары мен ғалымдары, ғылыми-зерттеу институттарының жетекшілері, бизнес қауымдастық өкілдері қатысты.

Жиында өңірдің ғылыми-инновациялық әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар жобалар таныстырылды. Соның ішінде «DeepBas» жобасының таныстырылымы өтіп, су ресурстарын басқару, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, экологиялық тұрақтылықты сақтау, қайта өңдеу саласын ғылыми сүйемелдеу және тау-кен өнеркәсібінде минералдық шикізатты кешенді өңдеу мәселелері бойынша ұсыныстар айтылды.

Кездесу барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов ғылымды дамыту – өңір экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі тетіктерінің бірі екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы ғылымды ел дамуының негізгі қозғаушы күші ретінде айқындап, ғылыми әлеуетті арттыруды стратегиялық басымдық ретінде белгілеп берді. Осыған сәйкес Қызылорда облысында ғылым мен инновацияны дамытуға бағытталған нақты жұмыстар жүзеге асырылуда.

2026–2030 жылдарға арналған облыстың даму жоспарына жалпы өңірлік өнімдегі ғылыми-зерттеу жұмыстары шығындарының үлесін арттыру арнайы көрсеткіш ретінде енгізілді. Облыс әкімдігі жанынан ғылыми кеңес құрылып, кешенді жұмыс жоспары бекітілді.

Соңғы үш жылда ғылым саласын дамытуға 4 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Тек өткен жылдың өзінде ғылымға бағытталған қаражат көлемі 1 млрд 300 млн теңгеге жетіп, 2020 жылмен салыстырғанда бес есеге артты. Қазіргі таңда 400-ден астам маман өндіріс орындарында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен айналысуда.

Сонымен қатар Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты өңірдің аграрлық әлеуетін дамытуға бағытталған 7 ғылыми жобаны жүзеге асырып келеді, – деді Данияр Еренғалиұлы.

Жиында сөз алған ғалымдар мен сарапшылар су ресурстарын басқару, экологиялық қауіпсіздік, қайта өңдеу өнеркәсібі, азық-түлік өндірісі және цифрлық технологияларды енгізу бағыттарындағы өзекті мәселелерге тоқталды.

Басқосу қорытындысында Қызылорда облысында су ресурстарын басқару, экология, қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібін ғылыми негізде дамытуға арналған арнайы қарар мен бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу туралы шешім қабылданды.

Айта кету керек, көшпелі отырыс аясында бірқатар қосымша іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, кеше өткен форсайт-сессия барысында академия мамандары жергілікті кәсіпорын өкілдеріне технологиялық олқылықтарды анықтау және өндірісті жаңғырту тәсілдерін түсіндірді.

Сондай-ақ бүгін өңір кәсіпорындарында кеңінен қолдануға дайын инновациялық әзірлемелер көрмесі ұйымдастырылып, ғылыми жобалардың өндіріс саласына енгізу мүмкіндіктері таныстырылды.

Жалпы, Ұлттық ғылым академиясының Қызылордадағы көшпелі отырысы ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға, өңірдің инновациялық әлеуетін арттыруға және ғылыми негізделген экономикалық дамуға жаңа серпін беретін маңызды алаңға айналды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Advertisements