Ақтан батыр ауылында көктемгі егіс науқаны басталды

38

Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Ақтан батыр ауылындағы «Береке» шаруа қожалығының егіс алқабына барып, биылғы көктемгі егіс науқанының алғашқы дән себу рәсіміне қатысты.

Егіс даласында өткен салтанатты жиында аудан басшысы аудандық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілері және ауыл әкімдерімен бірге ақсақалдардың батасын алып, алқапқа алғашқы дән себу рәсімін жасады. Ол диқандарға табыс тілеп, ел ырысы мол болып, қамба астыққа толсын деген игі ниетін жеткізді.

Шара барысында қатысушылар ауыл шаруашылығы техникалары, минералды тыңайтқыштар, өсімдікті қорғау құралдары және заманауи агротехнологиялар көрмесімен танысты.

Одан кейін егіс алқабында «Дала күні» форматындағы семинар-кеңес өткізілді. Жиында аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы туралы баяндама жасады. Сондай-ақ «Қазалысушар» өндірістік учаскесінің басшысы Нұрлан Әбілдаев суармалы су мәселесі мен шаруашылықтарды сумен қамтамасыз ету жайын түсіндірді.

Жиында сөз алған аудан әкімі ауыл шаруашылығы саласының аудан экономикасындағы стратегиялық маңызын атап өтіп, егіс науқанының уақытылы әрі сапалы жүргізілуі жыл бойғы еңбектің нәтижесіне тікелей әсер ететінін айтты.

– «Көктемнің бір күні – жылға азық» деген қағиданы берік ұстануымыз қажет. Бүгінгі әрбір агротехникалық шара – ертеңгі мол өнімнің негізі. Сондықтан барлық шаруашылықтар белгіленген мерзімдерді қатаң сақтап, жұмыстарды сапалы атқаруы тиіс, – деді аудан басшысы.

Сонымен қатар аудан әкімі су тапшылығы жағдайында су үнемдеу технологияларын енгізу, егіс құрылымын әртараптандыру және ауыл шаруашылығын заманауи бағытта дамыту мәселелеріне ерекше тоқталды. Малдың егістік алқаптарға түсуінің алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және тиісті мекемелердің бірлескен жұмысын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Айта кетейік, биыл аудан диқандары 17 257 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыруды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда 340 гектар жаздық бидай, 316 гектар мақсары, 60 гектар жаздық арпа және 2293 гектар жаңа жоңышқа егу жұмыстары толық аяқталған. Сондай-ақ 5300 гектар ескі жоңышқа алқабы тырмаланып, суарылуда. Ал негізгі дақыл – 5400 гектар күріш егісіне дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Advertisements