Қызылордада 240 пәтерлік 6 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді

3

Қызылорда қаласында Отан қорғаушылар күні қарсаңында әлеуметтік маңызы зор тағы бір маңызды жоба жүзеге асып, жаңа тұрғын үйлер ел игілігіне табысталды. Қаланың сол жағалауында бой көтерген 240 пәтерлік 6 көпқабатты тұрғын үй кешенінің кілтін табыстау рәсімі салтанатты жағдайда өтті. Іс-шараға қала әкімі Нұржан Ахатов, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер қатысып, жаңа қоныс иелерінің қуанышына ортақтасты.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген қала әкімі тұрғындарды қуанышты сәтпен құттықтай отырып, еліміздегі тұрғын үй саясатының маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауында айтылған баспананың қолжетімділігін арттыру мәселесіне ерекше назар аударылғанын атап өтті. Әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екені белгілі.

Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауы, сондай-ақ облыс әкімінің үйлестіруімен өңірде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде жыл басынан бері Қызылорда қаласында 655 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізген. Ал жыл соңына дейін тағы 1581 пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Биыл тұрғын үй құрылысына бюджеттен шамамен 58 миллиард теңге бөлініп, бұл қаражатқа 31 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 945 пәтер ипотекалық бағдарлама арқылы ұсынылса, 1336 пәтер әлеуметтік осал топтарға арналған. Бұл көрсеткіштер өңірде халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айқын көрсетеді.

Соңғы жылдары Қызылорда қаласының сәулеттік келбеті де айтарлықтай өзгеріп келеді. Заманауи үлгіде салынған 7, 9 және 12 қабатты тұрғын үйлер қала көркін ашып, инфрақұрылымның дамуына серпін беруде. Бүгін пайдалануға берілген тұрғын үй кешені де осы талаптарға сай салынған. Жалпы аумағы 15 600 шаршы метрді құрайтын кешеннің құрылысына 4,5 миллиард теңге жұмсалған. Құрылыс жұмыстарын өңірде тәжірибесі мол, сенімді мердігер мекемелер жүргізген.

Салтанатты рәсім барысында жаңа қоныс иелеріне пәтер кілттері табысталып, ізгі тілектер айтылды. Қала әкімі тұрғындарға береке-бірлік, амандық тілеп, жаңа шаңырақтарда бақыт пен шаттық орнасын деген тілегін жеткізді.

Сонымен қатар, жиын барысында тұрғын үй құрылысын сапалы әрі уақытылы аяқтаған құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл – құрылыс саласындағы мамандардың еңбегіне берілген лайықты баға. Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев та сөз сөйлеп, ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

Жалпы, Қызылорда қаласында тұрғын үй құрылысының қарқынды дамуы – өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді. Халықты баспанамен қамту бағытындағы мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етпек.

Advertisements