Автомектептерге жаңа талап қойылмақ – Мәжіліс

3

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол қауіпсіздігін цифрландыру және жүргізушілерді даярлау саласындағы кәсіпкерлік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

– Бүгін қоғамда қауіпсіздікке деген тұрақты сұраныс бар. Жолда да аулада да цифрлық ортада да әр адам өзін қауіпсіз сезінгісі келеді. Заң жобасы жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Ол үшін жүргізушілерді даярлау жүйесін жетілдіру, салаға заманауи цифрлық құралдарды енгізу және цифрлық ортада адамның қауіпсіздігін күшейту көзделіп отыр. Осыған байланысты жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін техникалық құралдарды пайдалану тәртібі нақтыланады. Мұнымен қоса, заң жобасында автомектептердің қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейту ұсынылады. Атап айтқанда автомектептердің қызметіне рұқсат беру тәртібі енгізіледі. Ол үшін «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңға өзгерістер енгізілмек, – деді Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.

Рұқсат алу үшін автомектепте:

– қажетті материалдық-техникалық база;

– оқу алаңдары;

– оқытуға арналған көліктер және білікті оқытушылар болуы тиіс.

Сонымен қатар рұқсат алған оқу ұйымдарының мемлекеттік тізілімін құру ескерілген. Бұл тізілім рұқсат алғаннан кейін оқу ұйымдарының қызметін бақылауға мүмкіндік береді. Тізілімді жүргізу Ішкі істер министрлігіне жүктеледі. Медициналық мәліметтердің кейбір түрлерін Ішкі істер министрлігінің деректер базасына енгізу қарастырылған.

Жеке деректерді қорғау

– Заң жобасында жеке деректерді қорғау және киберқауіпсіздік мәселелеріне қатысты жеке нормалар көзделген. Айта кету керек бұл өзгерістер азаматтардың жеке деректерін қорғау туралы конституциялық норманы іске асыру мақсатында енгізіліп отыр. Біріншіден, заң жобасында жеке деректер операторларын санаттарға бөлу енгізіледі. Операторлар тәуекел деңгейіне қарай шағын, орта және ірі болып бөлінеді. Осыған байланысты талаптар да әртүрлі болады. Ірі операторларға және жабық деректермен жұмыс істейтін операторларға деректерді қорғау бойынша жоғары талаптар қойылады. Осылайша, жеке деректер саласында тәуекелге негізделген реттеу моделі енгізіледі, – деді депутат.

Екіншіден, заң жобасында жария болып кеткен жеке деректердің тізілімі енгізіледі. Әр азамат мемлекеттік ақпараттық жүйе арқылы қандай жеке деректері ашық тарап кеткенін тексере алады. Бұл адамдарға өз деректерін қорғау үшін дер кезінде шара қолдануға мүмкіндік береді.

– Жеке деректер жарияланған кезде және олармен алмасу кезінде қорғау талаптары күшейтіледі. Жеке деректерді жасыру және хэштеу талаптары енгізіледі. Мысалы, сот шешімдері немесе мемлекеттік сатып алуға қатысты құжаттар сияқты ашық жариялануы міндетті құжаттарға қатысты. Мұндай құжаттарда жеке ақпараттың көп көлемі болуы мүмкін. Сондықтан кейбір деректерді заңсыз пайдалануды болдырмау үшін олар жасырылуы тиіс. Сонымен қатар, операторлар арасында деректер алмасу кезінде де жеке деректерді шифрлау талаптары енгізіледі, – деді Екатерина Смышляева.

Мұнымен қоса, заң жобасы аясында азаматтардың жеке деректерін ашық жариялауға келісім беру талаптары нақтыланады. Тағы бір бөлім киберқауіпсіздік мәселелеріне арналған. Заң жобасында цифрлық инфрақұрылымның аса маңызды объектілеріне мемлекеттік бақылау функцияларын қайта бөлу қарастырылған. Бұл объектілерді басқару саясаты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құзыретінде қалады.

Ал мемлекеттік бақылау функцияларын Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне беру ұсынылады. Аталған норма ҚР Президентінің киберқауіпсіздікті күшейту туралы Жарлығын орындау мақсатында енгізіліп отыр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жүргізушілерді даярлаудың ашықтығы мен сапасын арттыру үшін автомектептерді ашу хабарламадан рұқсат беру тәртібіне көшіріледі.

Фото: freepik.com

Advertisements