Әйтеке би кентінде «YERBOL» тіс емханасы ашылды

Бүгін Әйтеке би кентінде «YERBOL» тіс емханасының ашылу салтанаты өтті. Игі шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, жаңа медициналық нысанның ел игілігі жолындағы маңызын атап өтті.
Салтанатты жиында аудан әкімі өңірде денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, 40 жылдан астам уақыт бойы аудан медицинасының дамуына үлес қосып келе жатқан Бекжановтар әулетіне алғысын білдірді. Сондай-ақ мұндай жеке кәсіпкерлік бастамалардың денсаулық сақтау саласының дамуына және медициналық қызмет сапасының артуына оң әсер ететінін атап өтті.
Шара барысында денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін Бекжановтар әулетіне аудан әкімінің «Алғыс хаты» табысталды.
Жиында Қазалы ауданында денсаулық сақтау саласын ұзақ жылдар басқарған ауданның Құрметті азаматы, Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының экс-орынбасары, сала ардагері Амангелді Қадірбаев және Шымкент қаласынан арнайы келген тіс дәрігері Мырзақан Жолтаев құттықтау сөз сөйлеп, жаңа емхананың жұмысына сәттілік тіледі.
Салтанатты рәсім барысында жаңа емхананың лентасы қиылып, қонақтар медициналық орталықтың ішкі құрылымымен және заманауи жабдықтарымен танысты.
Айта кетейік, «YERBOL» тіс емханасы тұрғындарға тіс емдеу, тіс жұлу және тіс протездеу қызметтерін көрсетеді. Жаңа нысан халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет ұсынуға бағытталған.







