Сыр өңірінде соғыс ардагеріне, коммуналдық сала мамандарына құрмет көрсетілді

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев пен облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Сырдария ауданына арнайы барып, Тереңөзек кентінде тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Яхия Тасыровты 9 мамыр – Жеңіс күнімен құттықтады. Ардагерге дәстүрге сай құрмет көрсетіліп, сый-сияпат табысталды.

Бүгінде жасы ғасырдан асқан қарт майдангердің өмір жолы – кейінгі ұрпаққа үлгі. Яхия Тасыров 1942 жылы майданға аттанып, сұрапыл соғыс жылдарында Сталинград шайқасына, Курск доғасындағы қиян-кескі ұрыстарға қатысып, Польша жерін азат етуге атсалысқан. Соғыстан кейін де ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп, ауыл шаруашылығы саласының дамуына өзіндік үлесін қосты.
Кездесу барысында Нұрлыбек Нәлібаев пен Мұрат Ергешбаев ардагерге құрмет көрсетіп, оның ерлігі мен ел алдындағы еңбегі әрдайым жоғары бағаланатынын атап өтті. Өз кезегінде майдангер ақ батасын беріп, елдің амандығы мен бірлігін тіледі.
Одан кейін қала және аудан әкімдерінің, құқық қорғау органдарының, аумақтық департаменттер мен басқармалар басшыларының қатысуымен мәжіліс өтті. Жиында Нұрлыбек Нәлібаев өңірде бірге қызмет атқарған әріптестеріне алғысын білдіріп, Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері үшін ризашылығын жеткізді.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының Жарлығымен Премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалдым. Бұл – маған жүктелген үлкен жауапкершілік. Сіздермен бірге төрт жылдан астам уақыт бойы туған жеріміздің өсіп-өркендеуі жолында еңбек еттік. Мемлекет басшысының және Үкіметтің тікелей қолдауы арқасында аймақта ауқымды жобалар жүзеге асып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды бастамалар қолға алынды. Қызылорда облысы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша республикада үнемі алдыңғы қатардан көрініп келеді. Бұл – ортақ еңбектің, кәсіби біліктіліктің және ел бірлігінің нәтижесі, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Әділетті Қазақстан» реформалары мен «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының табысты орындалуы бірлескен жұмыстың нәтижесіне байланысты екенін атап өтті.
Жиында Нұрлыбек Нәлібаев жаңадан тағайындалған облыс әкімі Мұрат Ергешбаевқа қолдау білдіру қажеттігін айтып, Үкімет тарапынан өңірге жан-жақты қолдау көрсетіле беретінін жеткізді.
– Мұрат Нәлқожаұлына Президент жүктеген міндеттерді жүзеге асыруда табыс тілеймін. Өңіріміз өркендеп, дами берсін. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді ол.
Бұдан кейін ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары зиялы қауым өкілдерімен бірге Президент саябағы аумағында салынып жатқан 300 орындық балалар тынығу лагерінің құрылыс барысымен танысты.
Президент тапсырмасына сәйкес салынып жатқан заманауи лагерь балалардың сапалы демалысын ұйымдастыруға және олардың денсаулығын нығайтуға бағытталған. Нысанда спорт кешені, мәдени-көпшілік іс-шараларға арналған арнайы event-аймақ, заманауи үлгідегі 5 киіз үй, ашық бассейн, спорт алаңдары, амфитеатр, сондай-ақ балалар мен тәрбиешілерге арналған тұрғын блоктар қарастырылған.
Жыл он екі ай бойы жұмыс істейтін лагерьді 1 маусым – Балаларды қорғау күні қарсаңында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Нұрлыбек Нәлібаев коммуналдық сала қызметкерлерімен арнайы кездесіп, олардың еңбегіне жоғары баға берді. Тәулік бойы үздіксіз еңбек етіп, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне үлес қосып жүрген бірқатар маман Алғыс хаттармен марапатталды.
Кездесу барысында коммуналдық сала қызметкерлерінің қаланың тазалығы мен инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз етудегі рөлі ерекше атап өтілді.
Сапар аясында Нұрлыбек Машбекұлы өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен де кездесіп, журналистер қауымына ризашылығын білдірді. Ол аймақта атқарылып жатқан жұмыстарды халыққа жедел әрі сапалы жеткізіп жүрген БАҚ өкілдерінің еңбегі маңызды екенін атап өтті.
Жалпы, бұл кездесу елге еңбегі сіңген ардагерлерге құрмет көрсетіп қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген түрлі сала мамандарының еңбегін бағалауға арналған тағылымды іс-шараға айналды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі







