Әйтеке би кентіндегі жол және тротуар құрылысы бақылауға алынды

Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Әйтеке би кентіндегі автомобиль жолдарына жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу және жаяу жүргіншілер жолының құрылыс жұмыстарын аралап көріп, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзімінде орындалуын назарға алды.
Биыл аудан орталығында тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар көшелердің жол жамылғысын ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарланған. Атап айтқанда, Р. Сабырбаев, С. Сейфуллин, Біржан сал, Жалаңтөс батыр, Ж. Аймауытов, М. Шоқай, С. Сүлейменов көшелерінде асфальт жабындысының тозған бөліктері жаңартылып, жол жамылғысы ретке келтірілуде.
Қазіргі таңда мердігер мекеме тарапынан құрылыс және дайындық жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Аудан басшысы жауапты сала мамандары мен мердігер мекемеге құрылыс сапасына ерекше мән беруді және тұрғындар үшін қолайлы инфрақұрылым қалыптастыруды тапсырды.
Сонымен қатар, Әйтеке би кентіндегі Бөріқұлақов көшесі мен 5 квартал аумағындағы Жетес би көшесінде жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Жоба аясында Бөріқұлақов көшесіндегі тротуардың ұзындығы 2,5 шақырымды, ал Жетес би көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолы 1,6 шақырымды құрайды.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл жоба тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етіп, әсіресе балалардың мектепке қатынауын жеңілдетеді.
Сондай-ақ аудан әкімі Желтоқсан және В. Счастнов көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үйлер аулаларында салынып жатқан автотұрақтар мен жаяу жүргіншілер жолдарының сапасын да бақылап, тиісті сала басшылары мен мердігерлерге нақты тапсырмалар берді.
Аудан әкімі инфрақұрылымды дамыту – халықтың тұрмыс сапасын арттырудың негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.






