Аралда Кеңес Одағының Батыры Ерденбек Ниетқалиевті еске алуға арналған дәстүрлі эстафеталық жарыс өтті

43

Бүгін Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай Арал қаласында Кеңес Одағының Батыры Ерденбек Ниетқалиевті еске алуға арналған дәстүрлі жеңіл атлетикалық эстафеталық жарыс ұйымдастырылды. Батырдың ерлік жолын ұлықтап, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңіруге бағытталған спорттық шараға білім беру ұйымдарының оқушылары мен түрлі мекеме-кәсіпорындардың қызметкерлері қатысты.

Жарыстың басты мақсаты – жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу, салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және Ұлы Отан соғысы қаһармандарының ерлігін ұрпақ жадында жаңғырту. Сонымен қатар жарыс қатысушылар арасында достық қарым-қатынасты нығайтып, спорт арқылы белсенді өмір салтын қалыптастыруға бағытталды.

Спорттық шараның салтанатты ашылу рәсіміне ауданның білім және спорт саласының өкілдері, ардагерлер, жаттықтырушылар мен спорт сүйер қауым қатысты. Ашылу барысында Арал ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Салтанат Жанназарова сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларды Жеңіс күнімен құттықтап, жарыстың маңыздылығына тоқталды.

Өз сөзінде ол бүгінгі бейбіт өмірдің негізінде батыр бабалардың жанқияр ерлігі жатқанын атап өтіп, жастардың ел тарихын құрметтеп, спортпен тұрақты айналысуының маңызын жеткізді.

Сонымен қатар Арал ауданының дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Талғат Әлжанов жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тілеп, спорттық додада әділ бәсеке мен жоғары нәтижелер көрсетуге шақырды.

– Батырлар ерлігі ешқашан ұмытылмауы тиіс. Осындай жарыстар арқылы біз жас ұрпақтың бойында патриоттық рух қалыптастырып қана қоймай, олардың спортқа деген қызығушылығын арттырамыз. Спорт – денсаулық кепілі, ал салауатты ұрпақ – ел болашағының негізі, – деді ол.

Дәстүрлі жарыс бірнеше санат бойынша ұйымдастырылды. Атап айтқанда, 8–9 сынып оқушылары, 10–11 сынып оқушылары және мекеме-кәсіпорын қызметкерлері өзара бақ сынады.

Жарыс бағдарламасына сәйкес 8–9 сынып оқушылары арасында 10 кезеңнен тұратын эстафеталық сайыс өткізілді. Ал 10–11 сынып оқушылары мен мекеме-кәсіпорын қызметкерлері 14 кезең бойынша күш сынасты. Қатысушылар жылдамдық, төзімділік және командалық үйлесімділік тұрғысынан жоғары дайындықтарын көрсетті.

Тартысты өткен жарыс барысында әр команда жеңіске деген жігерін танытып, жанкүйерлерге әсерлі сәттер сыйлады. Әсіресе мектеп оқушылары арасында өткен жарыстарда бәсекелестік жоғары деңгейде болды.

Жарыс қорытындысы бойынша 8–9 сынып оқушылары арасында:

🥇 І орын – №14 мектеп-лицейі;

🥈 ІІ орын – №64 орта мектебі;

🥉 ІІІ орын – №262 мектеп-гимназиясы иеленді.

Ал 10–11 сынып оқушылары арасында:

🥇 І орын – №14 мектеп-лицейі;

🥈 ІІ орын – №220 орта мектебі;

🥉 ІІІ орын – №62 мектеп-лицейі жеңіп алды.

Мекеме-кәсіпорын қызметкерлері арасындағы жарыста:

🥇 І орын – №83 орта мектеп ұжымы;

🥈 ІІ орын – Арал көпсалалы колледжі;

🥉 ІІІ орын – Арал индустриалды-техникалық колледжі иеленді.

Жарыс соңында жеңімпаз және жүлдегер командаларды марапаттау рәсімі өтті. Үздік нәтиже көрсеткен командалар Арал ауданының дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің арнайы грамоталарымен, медальдарымен және кубоктарымен марапатталды.

Қатысушылар мен ұйымдастырушылардың айтуынша, батыр Ерденбек Ниетқалиевті еске алуға арналған бұл дәстүрлі жарыс жыл сайын жастарды спортқа баулып қана қоймай, олардың бойында елге деген сүйіспеншілік пен тарихи тұлғаларға құрмет сезімін қалыптастыруға зор ықпал етіп келеді.

Жалпы, Жеңістің 81 жылдығына арналған спорттық шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Батыр бабалардың ерлігін ұлықтаған жарыс жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің және бұқаралық спортты дамытудың жарқын үлгісіне айналды.

Advertisements