Қазалының Құрметті азаматы Кәрібоз Әлимаұлы Әлимаевтың 90 жылдық мерейтойы атап өтілді

40

Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Қазалы ауданының құрметті азаматы, Социалистік Еңбек Ері Кәрібоз Әлимаұлы Әлимаевтың 90 жасқа толу мерейтойына орай арнайы қабылдау өткізді.

Тағылымды шараға ауданның зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, қоғамдық кеңес мүшелері, ақсақалдар мен ел ағалары қатысып, ғұмырын адал еңбекке арнаған ардақты азаматқа құрмет көрсетті.

Жиында аудан әкімі мерейтой иесін аудан халқының атынан құттықтап, Кәрібоз Әлимаұлының ел игілігі жолындағы ерен еңбегіне тоқталды.

– Кәрібоз Әлимаұлы – маңдай терімен елге сыйлы болған, еңбегімен абырой биігіне көтерілген тұлға. Оның өмір жолы – кейінгі буынға үлкен өнеге. Қай кезеңде де туған жердің дамуына адал қызмет етіп, ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне сүбелі үлес қосты. Осындай еңбек адамдары – елдің шынайы мақтанышы, – деді аудан әкімі.

Шара барысында мерейтой иесінің өмір жолы мен еңбек қызметі кеңінен таныстырылды. Ол 1936 жылы қазіргі Бозкөл ауылында дүниеге келіп, жастайынан еңбекке араласқан. Мектеп бітіргеннен кейін тракторшы болып, Бозкөл совхозында ұзақ жылдар еңбек етті. Еңбектегі жоғары жетістіктері үшін 1967 жылы «Социалистік Еңбек Ері» атағына ие болып, «Ленин» орденімен марапатталған.

Кейінгі жылдары мал шаруашылығы саласында еңбек етіп, ауданның әлеуметтік дамуына үлес қосты. Сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, аудандық кеңестің депутаты ретінде халық сенімін ақтады.

Салтанатты жиында мерейтой иесіне облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың құттықтауы оқылып, Қазалы ауданының ең жоғары марапаты – «Қазалы ауданының Құрмет грамотасы» және қаржылай сертификат табысталды. Сондай-ақ дәстүр бойынша иығына шапан жабылып, ел атынан құрмет көрсетілді.

Жиында сөз алған Қызылорда облысының құрметті азаматы Самұрат Жұманұлы, облыстық мәслихат депутаты Ібайдула Тілепұлы, ардагер Қасқырбай Әлімбайұлы және Жұбанияз Алтынбек ақсақал мерейтой иесінің еңбегіне жоғары баға беріп, жылы лебіздерін білдірді.

Өз кезегінде Кәрібоз Әлимаұлы көрсетілген құрмет үшін ризашылығын білдіріп, ел амандығы мен жұрт тыныштығын тілеп, ақ батасын берді.

Тағылымды шара соңында қатысушылар мерейтой иесімен естелік суретке түсіп, ақжарма тілектерін жеткізді.

Advertisements