Қазалы ауданында сексеуіл егу және орман-мелиорациялық жұмыстардың барысы таныстырылды

43

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы 1 млн 100 мың гектар жерге бес жыл ішінде сексеуіл егу тапсырмасына сәйкес өңірде жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылуда.

Бүгінде сексеуіл көшеттерін дайындау мақсатында орман шаруашылығы мекемелерінде уақытша тұқымбақтар ұйымдастырылған. Сонымен қатар Дүниежүзілік банктің қаржыландыруымен 2024 жылы Қазалы ауданында 33,5 гектар аумақта 441 млн теңгеге жаңа тұқымбақ салынып, пайдалануға берілген болатын.

Осыған орай ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Елемесов жұмыс сапарымен өңірге келіп, Қазалы ауданында жүргізіліп жатқан орман-мелиорациялық шаралармен танысты.

Жұмыс сапары барысында ол аудан әкімі Алмасбек Есмахановпен бірге Қазалы қаласындағы «Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығы» РМҚК Оңтүстік-батыс аймақ филиалы мен Қазалы орман мекемесінің тұрақты тұқымбақтарының жұмысын көрді.

Филиалда таулы аймақтарға тән сәндік ағаш көшеттері мен жеміс ағаштарының бірнеше түрі өсірілуде. Сондай-ақ сексеуіл көшеттерін дайындау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Өткен жылы күзде егілген 3,33 гектар аумақта 1 миллионнан астам сексеуіл көшеті көктеп шыққан. Алдағы күзде тағы 5 гектар жерге тұқым себу жоспарланған.

Қазалы ауданындағы жаңа тұқымбақта да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мұнда сексеуіл тұқымдары себіліп, көктемде миллиондаған көшет дайындау көзделген. Қазіргі таңда бұл нысанда 45 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған.

Мамандардың айтуынша, өсірілген көшеттер Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы орман-мелиорациялық жұмыстарға пайдаланылып, экологиялық ахуалды жақсартуға ықпал етеді.

Жұмыс сапары барысында сала басшылары мен ғылыми-зерттеу институтының өкілдері де қатысып, атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты пікір алмасты.

Advertisements