Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай аудан орталығы – Әйтеке би кентінде екі бірдей жаңа спорттық ойын алаңы ел игілігіне табысталды

39

Бүгін Қазалы ауданында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай аудан орталығы – Әйтеке би кентінде екі бірдей жаңа спорттық ойын алаңы ел игілігіне табысталды.

Жаңа нысандар 5-квартал аумағындағы №276 мектеп жанында және 2-квартал аумағында жаңадан бой көтерген тұрғын үйлердің маңында орналасқан. Заманауи талаптарға сай салынған спорт алаңдары балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуіне, спортпен жүйелі түрде айналысуына және салауатты өмір салтын қалыптастыруына мүмкіндік береді.

Спорт алаңдарының ашылу салтанатына аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.

  • Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев балалардың қауіпсіздігі мен жарқын болашағын қамтамасыз етуді әрдайым басты назарда ұстап келеді. Осы бағытта елімізде, оның ішінде ауданымызда да өскелең ұрпақтың игілігі үшін жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгін мерейлі мереке қарсаңында Әйтеке би кентінде екі бірдей спорт алаңының пайдалануға берілуі – соның нақты көрінісі. Бұл балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, спортпен тұрақты шұғылдануына жасалған маңызды мүмкіндік, – деді аудан әкімі.

Ол өз сөзінде Президент Жолдауынан туындайтын міндеттер аясында ауданда спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасып жатқанын атап өтті. Биылғы жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Бекарыстан би ауылында жаңа спорт кешені пайдалануға берілсе, Әйтеке би кенті мен Қожабақы ауылында заманауи спорт кешендерінің құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Қазіргі таңда аудан аумағында 12 спорт нысаны, оның ішінде спорт мектептері мен дене шынықтыру-сауықтыру кешендері жұмыс істейді. Сондай-ақ 36 спорт үйірмесі тұрақты түрде қызмет көрсетуде. Бұдан бөлек, аудан көлемінде 60 жасанды спорт алаңы ел игілігіне берілген. Бұл көрсеткіштердің барлығы – жас ұрпақтың дені сау, белсенді әрі елжанды болып қалыптасуына жасалып отырған нақты жағдай.

Ашылу рәсімінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазалы ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Оразғали Бекбанов, Қазалы ауданының құрметті азаматы, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Қасқырбай Әлімбай, сондай-ақ спорт ардагерлері Қуанған Бәкен, Мейрамбек Қарабалаев және өзге де ақсақалдар сөз сөйлеп, ізгі тілектерін білдіріп, бата берді.

Салтанатты жиын барысында жаңа спорт алаңдарының құрылысын жүргізген «Сарым Құрылыс» ЖШС қызметкерлері аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Шара соңында аудан әкімі мен зиялы қауым өкілдері жаңа спорт алаңдарын аралап көріп, жас спортшылармен жүздесті. Балаларға сәттілік тілеп, алдағы уақытта аудан намысын қорғайтын талантты спортшылардың өсіп шығатынына сенім білдірді.

Advertisements