Жаңа оқу жылына дайындық: Қазалы ауданында 6 мектеп қайта жаңғыртудан өтіп жатыр

46

Қазалы ауданында жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жоспарға сай қарқын алған. Биыл аудандағы алты білім беру ұйымында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту мен оқушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға басымдық берілуде.

Жөндеу жұмыстары Жанқожа батыр атындағы №70, Сәкен Сейфуллин атындағы №165, Қаныш Сәтбаев атындағы №216, Қайыржан Нұрмаханов атындағы №95, Ақсуат ауылындағы №100 және Ү.Түктібаев ауылындағы Б.Әбдіразақов атындағы №88 мектептерде қолға алынған. Барлық жұмыстар оқушылардың жазғы демалысы кезеңінде атқарылып, жаңа оқу жылы басталғанға дейін толық аяқтау көзделген.

Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов жөндеу жүргізіліп жатқан мектептерді арнайы аралап, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Мердігер мекемелердің басшыларымен кездескен аудан басшысы ең алдымен орындалып жатқан жұмыстардың сапасына ерекше назар аударуды тапсырды. Сонымен қатар жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталып, білім беру ұйымдары жаңа оқу жылын толық дайындықпен қарсы алуы қажет екенін атап өтті.

– Балалардың қауіпсіздігі мен білім алуына қолайлы жағдай жасау – басты міндет. Сондықтан әрбір жұмыс сапалы орындалып, белгіленген уақыттан кешікпеуі тиіс. Бұл мәселе тұрақты бақылауда болады, – деді аудан әкімі.

Алты мектепке жүргізілетін ағымдағы жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 269,9 миллион теңге бөлінген. Бүгінде мердігер ұйымдар анықталып, құрылыс алаңдарында жоспарланған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, мектептердің едендері мен есіктері жаңартылып, спорт залдары жөнделуде, шатырлар мен жылу жүйелері ауыстырылуда. Сондай-ақ аудан орталығындағы Қаныш Сәтбаев атындағы №216 мектептің ауласы жағындағы ғимарат пен спорт залдың сыртқы қасбетін қаптау жұмыстары қатар жүзеге асырылып жатыр.

Жоспарға сәйкес, барлық жөндеу жұмыстары 20 тамызға дейін толық аяқталып, білім ошақтары жаңа оқу жылында оқушыларды жаңарған келбетімен қарсы алады. Бұл жұмыстар аудан мектептерінің инфрақұрылымын жақсартып қана қоймай, оқушылар мен педагогтердің сапалы білім алуына және еңбек етуіне қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр.

Advertisements