Қаланың жол инфрақұрылымы дамып келеді

38

Биыл бюджет қаржысының ауқымды бөлігі халықтың сұранысы мен талабы жоғары болып отырған жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған. Ағымдағы жылы бұл салада жалпы құны 38 млрд теңгені құрайтын 23 жоба іске асырылуда. Аталған жобалар аясында жалпы ұзындығы 71,1 шақырым болатын 71 көшеге күрделі жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, 1 жаңа көпір салынуда.

Қазіргі таңда қаланың 32 көшесінде күрделі жөндеу жұмыстары қарқын алған. Өткен жылы 8 көшедегі жұмыстар толық аяқталса, биыл қалған 24 көшені жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

Жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасына ерекше мән берілуде. Осыған байланысты барлық ірі нысандарда «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мамандары тұрақты түрде техникалық бақылау жүргізіп, пайдаланылатын құрылыс материалдары мен жол жабындарының сапасын зертханалық сынақтан өткізуде. Бұл атқарылып жатқан жұмыстардың белгіленген мемлекеттік стандарттар мен техникалық талаптарға толық сәйкестігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

– Бүгінгі күні филиал мамандары әрбір жолды жіті бақылап, құрылыс жұмыстарының сапасына тұрақты бақылау жүргізіп келеді. Жылжымалы зертхана арқылы жол жабындысынан сынамалар алынып, орталықта сынақтан өтеді. Нормативтік талаптарға сай келмесе мердігер мекемеге кемшіліктерді түзету бойынша міндеттемелер беріліп, олқылықтар дер кезінде түзетіледі. Жалпы қазір жол құрылысының сапасы жақсарып, өрескел қателіктер сирек кездеседі”,- дейді зертхана меңгерушісі Мағжан Қасымхан.

Маңызды нысандардың бірі – «Бәйтерек» тұрғын ауданындағы оңтүстік магистралды канал арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы. Бұл жобаның бүгінгі дайындығы жақсы деңгейде, қыркүйек айында пайдалануға беріледі.

Дәл осы қыркүйек айында Торайғыров көшесінен «Қызылорда – Құмкөл» автожолына дейінгі Сағымбаев көшесін қайта жаңғырту жұмыстары да аяқталады. Жаңа көпір мен жаңартылған Сағымбаев көшесі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі мен Астана қаласынан келетін жолды түйістіретін заманауи көлік қақпасына айналады.

Қала орталығымен қатар, шет аймақтардың жол инфрақұрылымын жақсартуға да басымдық беріліп келеді. Қазіргі уақытта кенттер мен ауылдық округтердің 32 көшесінде жол жөндеу жұмыстары қызу жүргізілуде. Бұл нысандарда да құрылыс сапасы «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мамандарының тұрақты бақылауында.

Ең ірі жобалардың бірі – Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол өткелінің құрылысы. Жоба аясында екі жолақты өткел, көпір, тіреу қабырғалары, жаяу жүргіншілер жолы және жаңа жол жабыны салынады.

Бүгінде айналма теміржол желілері төселіп, электр, байланыс, сыртқы жарықтандыру және ауыз су инженерлік желілерін көшіру жұмыстары аяқталған. Қала жағындағы және Шанхай тұрғын ауданындағы тіреу қабырғалары бетондалып, шпунттық свайлар орнатылып, көпір тіректерінің іргетасы мен негізгі темірбетон конструкциялары салынған.

Жоспардағы тағы бір маңызды жоба – Сол жағалау мен қаланы байланыстыратын автожол көпірі. Иса Тоқтыбаев көшесінен Сырдария өзені арқылы өтетін автожол өткелінің құны 19,5 млрд теңгені құрайды. Қазіргі таңда нысан құрылысын бастау үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлуге өтінім берілген.

Advertisements