“Ку-Ку”: Сана мен еркіндік арасындағы сахналық ізденіс

322

Кен Кизидің 1962 жылы жарық көрген «Көкектің ұясы» романы – адам санасы, тұлға еркіндігі мен қоғам қалыптастырған шекаралар туралы терең ой қозғайтын шығарма. Милош Форманның 1975 жылғы экранизациясынан кейін әлемдік деңгейде кең танылған туынды театр сахнасында да әр дәуірдің өз шындығымен қайта үндесіп келеді. Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының 72-ші маусымын ашқан «Ку-ку» қойылымы да осы күрделі шығармаға өзіндік сахналық көзқараспен келген ізденіс.

Ә.Оразбековтің аудармасы бойынша сахналанған қойылымды жас режиссер Жәнібек Махамбетияр жүзеге асырған. Оның басты назарында клиникадағы адамдардың сыртқы тағдырынан гөрі, сол ортада біртіндеп ашылатын адамның ішкі әлемі тұр. Сондықтан спектакльді түпнұсқаның сахналық қайталауы емес, сана мен еркіндік мәселесін психофизика, кеңістік, дыбыс және актерлік әрекет арқылы зерделеуге жасалған талпыныс ретінде қабылдауға болады.

Қойылымның алғашқы көрінісіндегі орамжапырақтың бытырауы бірден назар аудартады. Бұл – тұрмыстық әрекет емес, адамның ішкі дүниесінің бөлшектенуін, қалыптасқан түсініктердің бұзылуын аңғартатын режиссерлік метафора. Осыдан кейін көрерменді қоршайтын клиника кеңістігі де сол ойды жалғастырады.

Қоюшы суретші Нұркен Қалымбетов жасаған сахналық кеңістік суық әрі тұйық. Жұмсақ қабырғалар, тор қоршаулар мен шектеулі орта кейіпкерлердің еркін қозғалысына ғана емес, олардың ойлау мүмкіндігіне де қойылған шекараны сездіреді. Душ крандары стерильді медициналық ортаны нақтылай отырып, адамды белгілі бір қалыпқа түсіру идеясын да астарлайды.

Жарық суретшісі Асқар Исмайловтың шешімдері спектакльдің психологиялық атмосферасын күшейтеді. Суық жарықтың өзгеруі, геометриялық сәулелердің кеңістікті бөліп-жаруы кейіпкерлердің ішкі қысымын көзге көрінетін бейнеге айналдырады. Костюмдердегі ақ пен көк түстер клиниканың стерильділігі мен салқындығын танытса, сұр жолақтар және қызыл түс бірсарынды ортадағы ішкі қарсылықты аңғартады. Ал кейіпкерлердің аяғындағы қызыл шұлықтар осы суық әрі біркелкі кеңістіктегі шағын, бірақ көзге бірден түсетін контраст ретінде көрінеді. Қызыл түс жалпы клиникалық ортаға бөтен элемент болып еніп, кейіпкерлердің сыртқы тәртібінің ар жағындағы тірі эмоцияны, жасырын қарсылықты сезіндіреді. Бұл деталь олардың бәрі бір жүйенің ішінде болғанымен, әрқайсысының ішінде әлі де өшпеген жеке болмыс бар екенін аңғартатын визуалды белгіге айналған.

Спектакльдің осы сыртқы салқындығын бұзатын басты күш – Сырым Әбдразақов сомдаған Макмерфи. Актер кейіпкерді дайын «еркіндік символына» айналдырмайды. Оның Макмерфиі – тәуекелге баратын, қалжыңдайтын, қарсы тұратын, бірақ қажет жерде әлсіздігін де көрсете алатын «тірі адам». Оның келуі клиникадағы қалыптасқан тәртіпті қозғалысқа түсіріп, айналасындағы адамдардың да ішкі әлемін ашуға ықпал етеді.

Бұл ықпал әсіресе Нұрсейт Сыздықбаев сомдаған Биллидің бейнесінен байқалады. Биллидің қорқынышы, анасына тәуелділігі мен өзіне деген сенімсіздігі актердің дауысынан, көзқарасынан, дене қимылынан көрінеді. Макмерфидің оны қызбен кездестіруі Билли үшін өмірінде алғаш рет өзін еркін сезінуге мүмкіндік берген сәтке айналады.

Режиссер бұл көріністі ашық сипаттаудан гөрі психофизикалық шешіммен берген. Екі кейіпкердің бокалдағы шарапты бір-біріне шашуы бастапқыда баяу қозғалып, кейін жиілей түседі. Қимылдың үдеуі жақындастықтың ғана емес, Биллидің ішкі қысымнан біртіндеп арылуының белгісіндей. Бірақ бұл қысқа еркіндік оның трагедиялық тағдырын өзгерте алмайды.

Биллидің өлімі спектакльдегі ең ауыр нүктелердің бірі. Режиссер трагедияны натуралистік тәсілмен емес, бейнелік шешім арқылы ұсынады: оның соңынан түрлі түсті шарлар аспанға қарай баяу көтеріледі. Бұған дейін өмірдің белгісі болған шарлар енді кейіпкердің соңғы еркіндікке ұмтылысының символына айналады. Осылайша спектакльдегі бір деталь оқиға желісімен бірге жаңа мағынаға ие болады.

Осындай психофизикалық ізденіс Асқар Оразалиев сомдаған Мартини сахнасынан да көрінеді. Актер ұшқыштың қалпағын киіп, екі қолын қанат секілді жайып, «Кеттік, ұшамыз!» деген ишарамен айналасындағыларды соңынан ертеді. Бұл – клиниканың тұйық кеңістігінен қиял арқылы шығудың, адам санасының физикалық шектеулерге бағынбайтынын көрсететін сахналық метафора. Сол сәтте естілетін көкек дауысы көріністің астарын тереңдете түседі.

Көкек үні спектакльдің кейбір сахналарында қайталанып отырады. Ол жай дыбыстық эффект емес, қойылым атауымен және оның идеялық құрылымымен байланысқан мотив. Көзге көрінбейтін, бірақ естіліп тұратын бұл үн қалыптасқан тәртіпке сыймайтын, өзгеше ойлауға ұмтылған адамның ішкі дауысын еске салады. Мартинидің «ұшуымен» қатар келгенде ол «ұядан ұшу» ұғымын да айқындай түседі.

Арай Көшімбаев сомдаған Хардингтің психологиялық бояуы да назар аударады. Кейіпкер әйелінен күдіктенгенімен, ойын ашық айта алмайды. Актер бұл ішкі тартысты сөзбен түсіндіруге тырыспай, көзқарас, пауза, үнсіз реакция арқылы жеткізеді. Осындай ұсақ психологиялық детальдар кейіпкердің ішкі жалғыздығын сезіндіреді.

Серік Төлеповтің Сканлоны, Әзидолла Әзімтайдың Бинчиниі және басқа актерлердің ансамбльдік әрекеті клиникадағы ортақ психологиялық ахуалды қалыптастырады. Залипа Төлепованың Рэтчед бейнесіндегі сыртқы салқындық анық байқалғанымен, образдың ішкі билігін үнсіздік, көзқарас пен пауза арқылы одан әрі тереңдетуге мүмкіндік бар. Олжас Амановтың Чесвигі мен Бауыржан Ошақбаев сомдаған кейіпкердің де ішкі драмасын күшейте түсу қойылымның жалпы психологиялық деңгейіне әсер етер еді.

Ақтолқын Төлеуованың орындауында өзіндік шығармашылық ізденіс бар. Алайда кей тұстарда дикция мен сөздің анықтығына көңіл бөлу қажет. Артикуляция, дауыс күші, мағыналық екпін мен интонацияны нақтылау кейіпкердің ішкі сезімін көрерменге толық жеткізуге мүмкіндік берер еді.

Спектакльдің финалы алғашқы көріністегі орамжапырақ бейнесін қайта жаңғыртады. Басында жұмбақ деталь болып көрінген орамжапырақ соңында жаңа мағынаға ие болып, композициялық шеңберді тұйықтайды. Осы тұста Сырым Әбдразақовтың Макмерфиі тіс щеткасымен асықпай тісін ысқылап, біртіндеп кейіпкерлердің арасынан орын алуы да маңызды. Шиеленістен кейінгі бұл қарапайым тұрмыстық әрекет оның кейіпкерін өзгеше қырынан танытады: ол енді кеңістікке қарсы тұрған жалғыз адам емес, сол ортаның ішіне қайта сіңіп бара жатқан тұлға. Демек, финал Макмерфидің еркіндікке ұмтылысын ғана емес, еркіндік үшін күрескен адамның сол ортадан толықтай бөлініп кете алмайтынын да аңғартады. Ал бытыраған орамжапырақ жеке адамның тағдырынан асып, тәртіп пен еркіндік, қалыптылық пен қарсылық арасындағы тартыстың белгісіне айналады.

Осы шешім спектакльдің әлеуметтік-саяси астарын да өткірлей түседі. Клиника сахнада медициналық мекеме болудан қалып, қоғамның шағын моделіне айналады. Мұндағы әр адам белгілі бір қорқыныштың, тәуелділіктің немесе ішкі тыйымның құрсауында. Адамның өз болмысын еркін көрсетуге деген қажеттілігі мен сол еркіндік үшін жауап беруге қорқуы – қойылымның негізгі қайшылығының бірі.

Қалыптылықтың өлшемін кім белгілейді? Өзгеше ойлау неліктен ауытқу болып саналады? Тәртіп адам қауіпсіздігі үшін керек пе, әлде ол біртіндеп адамның таңдау еркіндігін шектей ме? Спектакль бұл сауалдарға дайын жауап бермейді. Көрерменге белгілі бір ұстанымды таңуды емес, сахнадағы адамдардың әрекеті арқылы сол сұрақтардыңсалмағын сезіндіруді көздейді.

Рэтчед бейнесіндегі бақылау мен қатаң тәртіп осы әлеуметтік механизмнің сахналық көрінісін қалыптастырады. Мұндағы қысымның ең күрделі тұсы – оның адамның ішкі әлеміне енуі. Сыртқы бақылау біртіндеп өзін-өзі бақылауға айналады. Көсемнің өзін мылқау әрі саңырау етіп көрсетуі, Хардингтің ойын ашық айта алмауы, Биллидің үрейі – осы психологиялық қысымның әртүрлі деңгейін танытады.

Макмерфидің қарсылығы болса, саяси ұранға құрылмаған. Ол жүйені сөзбен айыптаудан бұрын адамның өз қалпын жоғалтпауына ұмтылады. Оның өзгелерді де қозғалысқа келтіруі, қалыптасқан тәртіпке күмән келтіруі осыдан туындайды. Сондықтан Макмерфи бейнесінің сахналық салмағы оның «батырлығында» емес, өзгелер ұмыта бастаған еркіндік сезімін қайта оятуында.

Қойылымның визуалды тілі де осы идеяны толықтырады. Жұмсақ қабырғалар, торлар, суық түстер, қызыл шұлықтар, қызыл шар, қабырғаға өрмелеу, ұшу әрекеті және кей тұста естілетін көкек үні – бір ғана эстетикалық қатардың элементтері емес. Олар адамның көзге көрінбейтін шекараларын сезіндіреді. Қабырға кейде бетоннан емес, қорқыныштан, қоғамдық нормадан немесе адамның санасына сіңіп кеткен тыйымнан тұрғызылатынын спектакль астармен жеткізеді.

Жәнібек Махамбетиярдың режиссерлік ізденісінің басты ерекшелігі – күрделі ойды тікелей түсіндіруге ұмтылмай, сахналық образға айналдыруында. Орамжапырақ, шарлар, ұшу әрекеті мен көкек үні бір-бірінен алшақ көрінгенімен, қойылымның ішкі философиялық желісінде өзара байланысады. Режиссер көрерменге «мұның мағынасы мынау» деп нүкте қоймайды. Керісінше, символдың мағынасын көрерменнің өз санасында аяқтауға мүмкіндік береді.

«Ку-ку» сахналық оқиғаны аяқтағанымен, көрерменнің ішкі диалогын аяқтамайды. Оның әлеуметтік астары адамның қалыптылыққа қалай бейімделетінін көрсетсе, саяси қабаты жүйенің жеке тұлғаға ықпал ету тәсілдерін аңғартады. Бірақ қойылымның ең өткір тұсы – осы екі қабаттың да ақырында адам мәселесіне келіп тірелуі. Өйткені еркіндік туралы әңгіменің түпкі мәні жүйені жеңуде емес, адамның сол жүйенің ішінде өз болмысын жоғалтпауында.

Сыр театрының жаңа маусымын ашқан бұл қойылымның шешімдері пікірталас тудырғанымен, спектакльдің басты жетістігі – көрерменді бейжай қалдырмай, адамның ішкі еркіндігі туралы ойға жетелеуі. Ал театр үшін ең маңызды нәтижелердің бірі де осы: шымылдық жабылғаннан кейін қойылымның өмірі көрермен санасында жалғасуы.

Ұлбосын Қылышбаева

театртанушы

Advertisements