Қызылорда облысында мал шаруашылығына бөлінген 60 млн теңгені жымқырды деген күдікпен іс сотқа жолданды

157

ҚМА-ның Қызылорда облысы бойынша департаменті мал шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаны іске асыруға бөлінген қаражаттың жымқырылу фактісін анықтады.

2021 жылы «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның қатысуымен «Сыздық Ата» ЖШС бірлескен кәсіпорны құрылған. Жобаның жалпы құны 311 млн теңгені құраған.

Жоба ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға және Жаңақорған ауданы тұрғындарын қолжетімді бағамен сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталған.

Осы мақсатта корпорация серіктестіктің жарғылық капиталына 151,5 млн теңге инвестиция салған. Қаражатқа 1 600 бас қой, 130 бас ірі қара және ет өнімдерін қаптауға арналған жабдық сатып алынған.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, мал сатып алынғаннан кейін ЖШС басшысы қаражаттың бір бөлігін заңсыз шығаруға бағытталған схема ұйымдастырған. Нәтижесінде жалпы сомасы 60 млн теңге күдіктінің бақылауындағы «Нұрай» және «Абылайхан» жеке кәсіпкерлерінің шоттарына аударылып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Күдікті қамауға алынған. Сонымен қатар сот санкциясымен оның атына тіркелген екі автокөлікке тыйым салынған.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне орай іс бойынша өзге ақпарат жария етілмейді.

Advertisements