Жол инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды

20

ҚАРМАҚШЫ. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімінің қатысуымен өткен жиыннан кейін аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен ауданның әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық мәселелеріне арналған мәжіліс өтті. Басқосуда аудан тұрғындарының күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін бірқатар өзекті мәселе қаралып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

Мәжілістің негізгі мәселелерінің бірі – аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының жай-күйі және жол инфрақұрылымын дамыту болды. Жиында Төретам–Ақай айналма жолының, Жосалы кенті мен Ақжар ауылдық округіндегі күрделі жөндеу жұмыстарының аяқталмаған бөліктері талқыланды.

Аудан әкімі жауапты бөлімдерге аталған нысандардағы жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтап, құрылыс сапасына қойылатын талаптарды қатаң сақтауды тапсырды. Жол жөндеу кезінде тұрғындарға қолайсыздық туғызатын мәселелерді барынша азайтып, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігі де атап өтілді.

Сонымен қатар Жалағаш–Жосалы автожолы бойындағы теміржол арқылы өтетін көпірге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты қалыптасқан жағдайға ерекше назар аударылды. Осыған байланысты Қызылтам елді мекені мен көпір аралығындағы уақытша топырақты айналма жолға құм-қиыршық тас төсеу жұмыстарын жедел аяқтау міндеттелді.

Бұл жұмыстардың сапалы жүргізілуі аталған бағыттағы көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды. Сондықтан жауапты мекемелерге уақытша жолдың жағдайын тұрақты бақылауда ұстап, қажетті жұмыстарды уақытылы жүргізу тапсырылды.

Жолаушылар тасымалы – назарда

Жиында тұрғындарға көрсетілетін көлік қызметінің сапасын арттыру мәселесі де кеңінен сөз болды.

Атап айтқанда, Жосалы кентінде «Тұлпар-Байқоңыр» автобекетінің билет кассасын ашу жұмыстарының барысы сараланды. Жауапты мамандарға нысанды нақты белгіленген мерзімде іске қосу жөнінде тапсырма берілді.

Сонымен бірге кентішілік қоғамдық көліктің қозғалыс кестесін тұрғындарға барынша қолайлы ету мәселесі қаралды. Әсіресе таңертеңгі және кешкі қарбалас уақытта автобустардың қатынау жиілігін арттыру қажеттігі айтылды. Осы бағытта нақты ұсыныстар әзірлеп, қоғамдық көлік қызметін тұрғындардың сұранысына сәйкестендіру тапсырылды.

Жол қауіпсіздігі – ортақ міндет

Жол инфрақұрылымымен қатар, жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселесіне де ерекше мән берілді.

Жыл басынан бері аудан аумағындағы автожолдарда қараусыз жүрген үй жануарларының қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғалары талданып, олардың алдын алу шаралары қарастырылды.

Осыған байланысты кент және ауылдық округ әкімдеріне малды ұйымдасқан түрде бағу жұмыстарын күшейту тапсырылды. Сонымен қатар ветеринариялық қызметпен бірлесіп, төрт түлікті бірдейлендіру жұмыстарын жандандыру қажеттігі айтылды.

Жол бойында қараусыз жүрген малдың болуы жүргізушілер үшін ғана емес, елді мекен тұрғындары үшін де қауіп төндіретіні ескертіліп, бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу міндеттелді.

Дала өртінің алдын алу күшейтіледі

Күн тәртібінде дала өртінің алдын алу мәселесі де қаралды. Өрт қауіпті кезеңде ауылдық округтердегі өрт сөндіру бекеттерінің дайындығы, арнайы техникалардың жарақтандырылуы және профилактикалық жұмыстардың жүргізілу барысы сараланды.

Жауапты мекемелерге өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қатаң бақылауда ұстау, халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту және төтенше жағдайға қажетті техникалар мен құралдардың әзірлігін қамтамасыз ету тапсырылды.

Әсіресе елді мекендерге жақын орналасқан аумақтарда өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, табиғи өрттің алдын алу және тұрғындардың жауапкершілігін арттыру бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігі айтылды.

Мемлекеттік рәміздерге қатысты талаптар түсіндірілді

Мәжілісте мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібіне енгізілген өзгерістер де назардан тыс қалмады.

Жиын барысында мемлекеттік мекемелердегі мемлекеттік рәміздер бұрыштарын жаңа талаптарға сәйкестендіру, көрнекі ақпараттарды белгіленген тәртіппен рәсімдеу қажеттігі түсіндірілді.

Сондай-ақ «Гимн» атауын «Әнұран» атауына ауыстыру және мемлекеттік рәміздерді орналастыру мен пайдалану талаптарының сақталуын қамтамасыз ету жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.

Байланыс сапасы да назарда

Күн тәртібіндегі мәселелермен қатар, аудан аумағындағы байланыс желілерінің жай-күйі де қаралды.

Аудан әкімі байланыс инфрақұрылымында анықталған бірқатар кемшіліктерге тоқталып, тұрғындарға сапалы әрі тұрақты байланыс қызметін ұсынудың маңызын атап өтті.

Осыған байланысты «Қазақтелеком» АҚ жауапты басшысына байланыс бағаналары мен кабельдік желілердің техникалық жағдайын ретке келтіру, анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою және тиісті жұмыстарды бақылауға алу тапсырылды.

Жалпы, мәжілісте қаралған мәселелердің басым бөлігі тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей қатысты. Автомобиль жолдарының сапасы, қоғамдық көлік қозғалысы, жол қауіпсіздігі, өрттің алдын алу және байланыс инфрақұрылымын жақсарту – ауданның әлеуметтік тұрғыдан маңызды бағыттарының бірі.

Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Жандос Еркінбек жауапты сала басшыларына берілген тапсырмалардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Әрбір мәселе бойынша нақты жұмыс жүргізіп, оның нәтижесін тұрақты бақылауда ұстау қажеттігі ескертілді.

Аудан көлеміндегі инфрақұрылымдық мәселелерді кезең-кезеңімен шешу, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыру және қауіпсіз ортаны қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Advertisements