Қазалыда Халықаралық жастар күніне арналған апталық басталды

17

Қазалы ауданында 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай жастарға арналған апталық іс-шаралар өтіп жатыр. Аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған апталық жастардың қоғамдық белсенділігін арттырып, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған.

Бірнеше күнге жоспарланған шаралар легінде жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, құқықтық мәдениетін қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау, білім мен кітап оқуға қызығушылығын арттыру, цифрлық сауаттылығын дамыту және еріктілік бағытындағы бастамаларды қолдау көзделген.

Апталық аясындағы алғашқы шаралардың бірі – аудан жастары арасында ұйымдастырылған кіші футболдан аудандық турнир.

Әйтеке би кентіндегі Мәдени-демалыс кешенінің спорт залында өткен «Jastar Cup – 2026» спорт фестивалінің ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Әлиев қатысты.

Ол жарысқа жиналған жастарды алда келе жатқан Халықаралық жастар күнімен құттықтап, жастардың қоғамдағы белсенді рөліне тоқталды.

«Жастар – елдің дамуына серпін беретін, қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан сіздердің әр бастамаларыңыз бен қоғамдық өмірге белсенді араласуларыңыз маңызды», – деді аудан әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар ол қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыстың тартысты әрі әділ өтуіне тілектестік білдірді.

Футбол додасына қатысқан жастар үшін «Jastar Cup – 2026» тек спорттық жарыс қана емес, өзара тәжірибе алмасып, жаңа достық байланыстар орнатуға мүмкіндік беретін алаңға айналды.

Жалпы жастар апталығы аясында спорттық шаралармен қатар құқықтық сауаттылықты арттыруға, білімге және кітап оқуға қызығушылықты қалыптастыруға, цифрлық сауаттылықты дамытуға, еріктілік қозғалысын қолдауға бағытталған түрлі форматтағы кездесулер мен іс-шаралар ұйымдастырылмақ.

Апталықтың тағы бір бағыты – жастардың туған жерге деген жауапкершілігін арттыру. Осы мақсатта шаралар легі «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы тазалық және абаттандыру жұмыстарынан бастау алған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы күндері де жастардың қызығушылығына бағытталған мазмұнды іс-шаралар жалғасын табады.

Халықаралық жастар күніне арналған апталықтың негізгі мақсаты – жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасап, олардың бастамаларын қолдау және салауатты, білімді әрі белсенді ұрпақ қалыптастыруға ықпал ету.

Advertisements