Қазалы ауданында 25 тұрғын әкім қабылдауында болды

Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Кездесу барысында 25 азамат өздерінің өтініштері мен ұсыныстарын жеткізді.
Тұрғындар негізінен тұрғын үй кезегі, тұрақты жұмысқа орналасу мәселелерін көтерді. Сонымен қатар Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласындағы көшелерді асфальттау, жарықтандыру, жеке тұрғын үйлерді газ және ауыз сумен қамту, сондай-ақ денсаулық жағдайына байланысты көмек көрсету жөнінде өтініштер айтылды.

Аудан әкімі әр тұрғынның мәселесін жеке тыңдап, тиісті түсініктемелер берді. Көтерілген мәселелерді зерделеп, заң талаптарына сәйкес шешу жолдарын қарастыруды жауапты сала басшыларына тапсырды.
Көшелерді асфальттау және жарықтандыру мәселесіне қатысты жұмыстардың ауданда бекітілген кезектілікке сәйкес жүргізіліп жатқаны айтылды. Ал Әйтеке би кентіндегі Мәметова көшесін түнгі жарықтандыруды сұраған тұрғынның өтініші бойынша кент әкіміне нақты тапсырма берілді.
Қабылдау барысында жұмысқа орналасу мәселесін көтерген азаматтарға аудан аумағындағы бос жұмыс орындары ұсынылды. Сонымен қатар мамандығына сәйкес сұраныс болған жағдайда тиісті жұмыс орындарына жолдау мәселесі қарастырылатыны түсіндірілді.
Аудан әкімі жауапты сала басшыларына жұмыс іздеген азаматтармен байланысып, олардың мәселелерін заң талаптарына сәйкес қарастыруды тапсырды.







