Қазалы аудандық мәслихатының сессиясында бюджет пен даму жоспарына өзгерістер қаралды

Қазалы аудандық мәслихатының кезекті 60-сессиясында ауданның бюджеті мен әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар мәселе қаралды.
Аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліштің төрағалығымен өткен жиынға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов, облыстық бағыныстағы мекеме басшылары, қала, кент және ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Сессияның күн тәртібінде 2026-2028 жылдарға арналған аудан бюджетіне және ауданның 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспарына өзгерістер енгізу мәселелері қаралды. Бұл бағытта аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Бахытжан Жарылқап баяндама жасады.

Жиында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов 2026 жылғы аудан бюджетіне енгізілген өзгерістерге тоқталды.
Оның айтуынша, 2026 жылға аудан бюджеті бастапқыда 13,6 млрд теңге көлемінде бекітілсе, қазіргі таңда нақтыланған бюджет көлемі 18,9 млрд теңгеге жеткен. Ал ауданның өз кірістерінің жоспары 4 млрд 269,4 млн теңгеден 4 млрд 362,2 млн теңгеге дейін ұлғайған.
Нақтыланған бюджет аясында тұрғындардың игілігіне бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асыруға қаржы қарастырылған.
Атап айтқанда, аудан аумағындағы жолдарды жөндеу, Әйтеке би кентіндегі жаңа кварталда жеке тұрғын үй құрылысына қажетті инженерлік инфрақұрылымды жүргізу, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру, елді мекендердегі жеке тұрғын үй секторына инженерлік желілер тарту және елді мекендерді газдандыру жобаларына қаражат бөлінген.
Аудан әкімі бюджет қаражатының тиімді игерілуі мен жоспарланған жобалардың сапалы орындалуы маңызды екенін атап өтіп, жауапты сала басшылары мен жергілікті атқарушы органдарға бірлесіп жұмыс істеуді тапсырды.
Сессия барысында аудандық мәслихат депутаты Нұрғиса Жаппарбергенұлы Жалғасбаевтың депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесі де қаралды.
Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының қаулысына сәйкес, Нұрғиса Жалғасбаевтың аудандық мәслихат депутаты ретіндегі өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғаны хабарланды.
Жиын соңында аудан әкімі Нұрғиса Жалғасбаевқа депутаттық қызметі кезеңінде атқарған жұмыстары үшін алғыс білдіріп, Қазалы ауданының жоғары наградасы – «Құрмет грамотасын» табыстады.
Сондай-ақ жиында алдағы Құрылтай сайлауына қатысты мәселелер қозғалды. Аудан әкімі аталған саяси шараның қоғамдық маңыздылығына тоқталып, жиынға қатысушыларды сайлау процесіне белсенді қатысуға шақырды.
Айта кетейік, сессия басталар алдында аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтіп, онда сессияның күн тәртібіне енгізілген мәселелер алдын ала талқыланды.







